RU

Алматыда безбүйрек ана туғанына бір апта болған сәбиін тастап, қашып кетті

Алматыда  соңғы екі жылда алғаш рет көкек анаға іздеу салынды. Дәрігерлер ақпарына сүйенсек, безбүйрек жан Өзбекстан азаматшасы.

Сәбидің жарық дүние есігін ашқанына небәрі 1 жеті болыпты. Безбүйрек ана шақалақты ауруханаға тастап кеткен.

«Бұл қаламызда екі жылдан бері тіркеліп отырған алғашқы жағдай», - дейді ақ халаттылар. Әзірге, сәбидің анасы жайлы ақпар жоқ. Белгілісі, еш жерде тіркеуде жоқ Өзбекстан азаматшасы шілденің 21 күні ауруханаға өзі келген. Қолында ешбір құжат болмапты.

«24-і күні әйел өз еркімен қашып кетіпті. Қалай қашып кеткені ешкімге белгісіз. Осы жерге 1-2 күн келіп жүрді. Енді 4-5 күн болды, ешқандай хабар-ошар жоқ. Бұл баланы енді балалар үйіне өткізуіміз керек», - деді Алматы қалалық №5 перзентхананың балалар бөлімшесінің меңгерушісі Сәуле Кененбаева.

Ақ халаттылар қолындағы ақпарға сүйенсек, ол Қазақстанға қонаққа келіпті. Қазір көші-қон полициясы көкек ананы іздестіруге кіріскен. Заңгер сөзіне сүйенсек, бұл қылығы үшін безбүйрек әйел ана құқығынан айырылуы мүмкін.

«Біздің заңымызда неке мен отбасы кодексі бар. Ондағы 75 баптың 1-ші тармағының 2-ші бөлімшесіне сәйкес, еш себепсіз перзентханаға баласын тастап, алып кетуге ниеттенбеген ананы ата-ана құқығынан айыруға болады. Біздің азаматтығымыз туу жағдайына қарай беріледі, яғни ол сәби Қазақстанда туылғандықтан, Қазақстан азаматы болып есептеледі», - деді заңгер Михаил Кленчин.

Статистикаға жүгінсек, дәл осындай жағдайлар 90-шы жылдары жиі тіркеліпті. Тіптен сол тұста 60-70-ке жуық бала тастанды атанған. Бірақ бұл көрсеткіш соңғы жылдары едәуір азайған болатын.

«Биылғы жылы жасөспірім қыздар арасында баласынан бас тартқандар тіркелмеді. Жыл басынан бері 8 қыз ерікті түрде түсік тастаса, 4 қыз десаулығына орай тумаудың амалын тапқан. Бұл көрсеткіш бұрынғы жылдармен салыстырғанда өте төмен», - деді Алматы қаласының адам ұрпағын өрбіту орталығының бас дәрігері Динара Мырзахметова.

Жеткіншек қыздар арасында түсік тастау 30 пайызға дейін төмендегенмен, некесіз босанатындар саны әлі де азаймай келеді. Сандарды сөйлетсек, 2013 жылы дәл осылай 205 сәби дүниеге келген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/835434-almatyda-bezbuyrek-ana-tughanyna-bir/