RU

Қазақстанда есірткі поштамен үйге жеткізілетін болған

«Спайс», «легалка» сынды синтетикалық заттарды жарнамалаған сайттар жасырынуды қойып, енді аса қауіпті тауарды поштамен үйге дейін жеткізіп беретін болған деп хабарлайды КТК арнасы.

Әсері нашадан да асып түсетін еліткіштерге еш тыйым салынбаған соң есірткі саудагерлері осылай батыл қимылдай бастаған сыңайлы. Салдарынан, наркодиспансердегі емделушілер қатары жастармен толығып жатыр.

«Дживиаш», «спайс», «легалка» дейтін сайттарда емін-еркін саудаланып жатқан еліткіштердің өзге әсері де көп. Мәселен, Марат есінен алжаса жаздаған.

"Дені сау адамды кәдімгідей ақылынан айырады. Өшіріп тастайды, адамды мал сияқты. Мал оның жанында тіршілігін жасайды", - дейді Марат.

Наркодиспансерде тіпті белгілі бизнесмендер де емделіп жатыр. Білдей бір фирманың басшысы болған Руслан жолдастарына алданып қалған. Тәтті шөптің тұзағына түсіп, кәсіпкерден нашақорға айналыпты.

"Түбіме өз достарым жетті. Дәмін «бір рет көрші» деп қолқалаған соң, көңілдерін қимаған едім. Соңғы рет шеккенде, жүрегім тоқтап қала жаздады. Енді оған жоламаспын", - дейді Руслан.

Сорақысы сол, орталыққа жақында келіп түскендердің көбі есірткіні сайт арқылы алдыртқан. «Спайс», «легалканы» саудалағандар клиентті сабылтпастан, тапсырысты поштамен салып жібереді екен.

"Интернет-дүкендер үйіне дейін  жеткізіп береді. Ақшаларын да банкоматтан төлей салады.  Ол мәселені біз де көтеріп жатырмыз.  Әділет, Ішкі Істер министрлігіне хат жазғанбыз", - дейді Алматы қалалық наркология орталығының бас дәрігері Гүлсара Сүлейменова.

Интернет-дүкендер бұлардың әлі де заң жүзінде есірткі қатарына қосылмағанын ұтымды пайдаланып, оны тіпті мектептегі балаларға да сатып жүрген көрінеді.

Қытайда шығарылатын есірткі әлі де елде емін-еркін сатылып жатыр. Әсері анашадан 5 есе күшті болса да, бұған тыйым әлі болмай тұр. Есесіне, нашақорлардың саны артқан. Бір ғана Алматыда жүзге жуық адам осының азабын тартып, ем алып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/906602-qazaqstanda-esirtki-poshtamen-uyge-zhe/