RU

Атышулы Шалқар қаласының тұрғындары Сапарбаевтың алдында микрофон үшін төбелесіп қалды

Бұл күндері Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтағы ең танымал аудан - Шалқар қаласында іссапармен жүр.

Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Сапарбаев апта басын Шалқар ауданына іссапармен бастады. Шалқарлықтардың облыс әкімін асыға күткені сондай, залда ине шаншар орын болған жоқ. Тіпті, аудан тұрғындарының мұншама көп жиналғанын аудан әкімінің өзі бұрын соңды көрмеген шығар. Тұрғындар оны даттап, әкім барынша ақталып, қызыл кеңірдек болды.

Кездесуге келгендер облыс әкіміне шағым айтамын деп микрофонға таласып, төбелесіп те жатты. Адамдар «әу» дегеннен-ақ аудан әкімінің сүйкімсіз қылықтарын айтты.

«Аудан әкіміне кіре алмай жүрміз. Кеңсесіне бірнеше мәрте келіп, тауымыз шағылып, санымызды соғып кері қайтамыз. Шалқарда тәртіп жоқ, қылмыс көп. Дүкендер жастарға түнімен қарызға арақ береді. Ал, мына Ербол Данағұлов сөзінде тұрмайды. Жұмысқа тек туыстарын алады. Мұндай әкімнің көк тиынға керегі жоқ,» - деп ашуланған тұрғындар аудан әкімінен көңілдері қалғанын ашып айтты.

«Бұл қалай сонда? Балабақша салынып жатыр, мектеп салынып жатыр, елді мекенге газ, су барды. Қаншама атқарылып жатқан шаруалар бар. Мен сіздердің барлықтарыңызды танимын.Әкімдікте қаншама жұмысым бар. Егер кеңседе кездесе алмасаңдар, үйіме келіңдер. Мен сендерді қуып жібермеймін ғой», - деп  сасқан әкім шалқарлықтарды үйіне қонаққа шақырды.

Аудандағы негізгі мәселе – көгілдір отын, жол, Шалқар көлінің тартылуы және жұмыссыздық мәселесі. Басты шағымдардың да негізі осы. Ауданда көгілдір отын болғанымен, газ құбыры тұрғын үйлердің 60 пайызына ғана тартылған.

Ауданда ауыл шаруашылығы құлдырап тұр. Кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарлама жеңілдіктерінен хабарсыз.

Барлығын байыппен тыңдаған Сапарбаев халықтан сабырға келуін сұрады.

«Сендер айтқан мәселелердің барлығы дұрыс. Барлығы да қаралады. Жаңағы айтқан пәтер мәселесі, қабылдау қиындығы оның бәрін тексереміз. Ертең арнайы комиссия келіп, бақылайтын болады»,  - деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Шалқар ауданы әкімінің тағдарын енді облыстан баратын комиссия анықтайтын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/930215-atyshuly-shalqar-qalasynynh-turghyndary/