RU

Айымбетов ғарышқа ұшар алдында космонавт не себепті қолтаңба бермейтінін түсіндірді

Халық Қаһарманы, Қазақстанның ғарышкер ұшқышы Айдын Айымбетовтің айтуынша, ғарышқа ұшар алдында космонавт адамның көңілін қалдырса да, қолтаңба беруіне болмайды.

«Ең алдымен, ғарышкерлер арасында қалыптасқан жөн-жоралғы бойынша, тұңғыш ғарышкер Гагариннің туған жеріне барамыз. Соғыс жылдарынан бері тұрған жер үйінің қасында құдық бар, құдықтың суы тастай болып тұрады. Міне, ғарышқа аттанатын ұшқыштар міндетті түрде сол құдықтан су ішуі керек. Тағы бір бейресми жоралғы - ғарышқа бара жатқан адам автограф бермейді. Одан бөлек, ғарышкер үйіне барып міндетті түрде «Белое солнце пустыни» фильмін көруі тиіс», - дейді Айымбетов.

Ал ресми шаралар ретінде Ғарышкерлер аллеясына ағаш егіп, Гагариннің музейіне, Гагариннің үйіне барамыз дейді, Айдын Айымбетов.

Айта кетейік, 2015 жылғы тарихи оқиғалардың бірі - тәуелсіз Қазақстанның азаматтары арасында тұңғыш рет Айдын Айымбетов «Союз ТМА-18М» ракетасымен ғарышқа ұшты. 9 күн 20 сағаттан астам уақыт бойы халықаралық ғарыш стансасында жүрген ол Қазақстанның бес ғарыш бағдарламасын, сонымен қатар 20 ғылыми зерттеуін ойдағыдай жүргізіп келді. Ғарыштан аман-есен оралған Айымбетовке ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Халық Қаһарманы» атағын берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/933864-ayymbetov-gharyshqa-ushar-aldynda-kosmo/