Ұлыбританиядағы этникалық қазақ: Қазақтілді телеарналар Еуропаға жетсе, бала тілі тез шығар еді
Опубликовано:
Ұлыбританиядағы қазақ мәдениеті орталығы төрағасы Исмаил Кесижимен Азаттық тілшісі Астанада жолықты. Ол британ жеріндегі «Қазақстан елшілігі, қазақ диаспорасы және қазақстандық студенттер қосылған «үш бұрышты» қоғамдарының» тыныс-тіршілігін әңгімелеп берді.
Ұлыбританиядағы қазақ мәдениеті орталығы төрағасы Исмаил Кесижимен Азаттық тілшісі қазанның 29-ы күні жыр мүшайрасы, сурет көрмесі және термешілер сайысы өткен шетел қазақтары өнер фестивалінде, Астана қаласында кездесті. Фестивальге арнайы келген ол Азаттыққа берген сұхбатында шетелдегі қазақ жастарына тіл үйретудің тиімді тәсілі ретінде «қазақ диаспорасына арнап телеарна ашылса» деген тілегін білдірді.
Исмаил Кесижи Ұлыбританияда 1986 жылдан бері тұрып келе жатыр екен. Айтуынша, Түркияда өмірге келіп, Түркиядан Ұлыбританияға барған. Ата-бабасы нәубетті заманда Индия, Пәкістанға өтіп, Түркияға 1953 жылы келген екен. Түпкілікті шыққан жері Көкшетау өңірі екен. Мамандығы – электроника инженері. Англияға (бұдан ары Ұлыбритания - ред.) барған соң сән, тоқыма дизайны саласына көшкен.
Исмаил Ұлыбританияда 45 қазақ отбасы барын атап өтті. Оның сыртында, Қазақстаннан келіп, әртүрлі жұмыс істеп жатқан 100-ге жақын отбасы бар екен. Бұдан бөлек, британиялықтарға тұрмысқа шыққан 250-ден астам қазақстандық қыздар, Қытай, Моңғолиядан келген 3-4 үй және саны үш мың мен төрт мың арасында өзгеріп тұратын, Қазақстаннан келетін студенттері барын атап өтті.
Исмаил Кесижи сол қазақтармен шама-шарқы жеткенше араласып тұратынын да жасырмады.
"Өткен жылы Ұлыбританияның көп университеттерінде Наурыз мейрамын өткіздік. Оны «Болашақ» бағдарламасымен Қазақстаннан келген студенттер бастады, біз қолдап, қосылдық. Біз басқарған шараларға олар да қосылып тұрады. Қазақ елшілігі, қазақ диаспорасы және қазақстандық студенттер қосылып, «үш бұрышты қоғам» болып тұрмыз", - дейді ол.
Исмаилдың айтуынша ана тілдін ұмытпай, таза сөйлеуіне көптеген факторлар әсер еткен.
"Біріншіден, Түркияның қазақ ауылында тұрдым. Алты жасыма, мектепке барғанға дейін басқа тіл білмедім. Әрине, кейін Стамбулға көшкен кезде тілді ұмыта бастадым. Бірақ, бақытыма қарай, 1974 жылы 12 жасымда Қазақстаннан адрес тауып, хат алысып жүрдім. Жазған хат үш айда келіп жететін. Сол кездері кириллицаны үйрендім. Кейіннен кітаптар алып, оқи бастадым. Екінші жағынан, әйелім - қазақстандық. 1992 жылы Қазақстанға келгенімде үйленгем. Осының бәрі тілді ұмытпауыма үлкен себеп болған шығар", - дейді Исмаил Кесижи.
Сұқбат барысында ол Еуропадағы қазақ жастары алдында тұрған проблемаларды да айтып қалды.
"Ең басты мәселе – қазақ тілі. Еуропа жастарына қазақ тілін үйрену ағып жатқан суға қарсы жүзумен тең. Бұл жұмыс бір сәтке тоқтаса, енді қайтып ұстатпайды. Оны түсініп, әрекет етіп жатырмыз. Қазір әр сенбіде жастарға қазақ тілін үйретіп жүрміз. Бірақ, аптасына өтетін екі сағаттық бұл сабақтан жастар тіл үйреніп жатыр деуге келмейді. Елге де (Қазақстанды айтады – ред.) қарайлап отырған жайымыз бар. Тіл үйретудің ең үлкен амалы теледидар екеніне көзім анық жетті. Неге десеңіз, Еуропада туып өскен, өмірінде Түркияға барып көрмеген, түрік мектебінде оқымаған мұқым қазақ баласы түрікше сайрап жүр. Себебі, олардың үйлерінде түрік телеарналары қосулы тұрады. Түркияның 250-ден астам каналы спутник арқылы тарайды. Дәл осы секілді балаларға арналған қызықты қазақ тілді телеарналар Еуропоға жетсе, бала тілі тез шығар еді. Ондай күнге жетсек, сенбілік мектеп ашып, сабақ берудің қажеті болмай қалады. Ал Kazakh TV телеарнасы - үш тілде хабар тарататын ақпараттық канал. Диаспора балаларына арналған деуге келмейді", - дейді ол.
Ал Еуропада туған қазақ жастары Қазақстанға көшіп келуге қаншалықты құлықты деген сауалға ол «жаппай көшіп кел» дегенге ешкім келе қоймайтынын айтты.
"Еуропадағы қазақтың саны - әрі кетсе жеті мың. Оның бәрі көшіп келіп, осындағы қазақ санын көбейте қоймайды. Біздің бір ойымыз - жастарымыздың бір бүйрегі Қазақстанға тартып тұрса дейміз. Екінші бүйрегі болған туып-өскен мемлекеттерінде жақсы оқып, білім алғанын қалаймыз. Келешекте Еуропадан Қазақстанға барып қызмет етіп, пайдасын тигізсе дейміз. Ол үшін жастарға Қазақстанды танытып, қарым-қатынасты жиілету керек. Ал «жаппай көшіп кел» дегенге ешкім келе қоймайды", - дейді Исмаил Кесижи.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/944591-ulybritaniyadaghy-etnikalyq-qazaq-qaz/