Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көкшетауда оқып жүрген магистранттарға жұмыс істеуге тыйым салынды

Опубликовано:

Көкшетауда мемлекеттік университетте оқып жүрген магистранттарға жұмыс істеуге болмайды. Бұл оқу ордасы басшылығының студенттермен кездесу барысында айтқан сөзі.

Алайда магистранттар бұл талапқа қарсылық білдіріп жатыр деп хабарлайды 31 арна.

Мұхаммаднәби Омаров Көкшетау қаласындағы мектептердің бірінде химия пәнінен мұғалім болып еңбек етеді. Білімін жетілдіру мақсатында Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінде магистратураға грант негізінде оқуға түскен. Оқуына да, жұмысына да үлгеріп жүрген Нәби білім ордасы басшысы "магистартурада оқитын тәлімгерлердің жұмыс істемеуі керек " деген ұсынысына сәйкес келмейтін қайшылықтардың бар екендігін айтады.

"Негізі жұмыс істемеу деп айтылған сөз қисынсыз деп ойлаймын. Өйткені магистратурада отбасы бар отыз-қырық жас аралығындағы азаматтар да бар. Олар 42 мың теңгеге отбасын қалай асырайды, мынадай дағдарыс кезінде. Ал ақылы оқып жатқан студенттердің жағдайы не болмақ? Жұмыс істемесе оқуының ақшасын қалай төлейді?", - дейді магистрант Мұхаммаднәби Омаров.

Қазіргі таңда Шоқан Уәлиханов атындағы оқу ордасында 134 магистрант бар. Олардың 65-і  жылына 400 мың теңге төлеп, ақылы түрде білім алуда. Грантта оқып жатқан магистранттардың алатын шәкіртақысы айына 42 мың теңге. Магистратурада білім алатын тәлімгерлер тек күндізгі бөлімде оқи алады.

"Ал жұмыс істемеу талабы сабақтан қалмай, білім сапасын арттыру үшін жасалып отыр. Егер кешке жұмыс істеймін десе оған рұқсат", -  дейді университет басшылығы.

"Басқа университеттер не істесе оны істесін онда біздің шаруамыз жоқ. Біз өз университетімізге жауап береміз. Кезінде өзіміз кешкісін қарауыл болып жұмыс істедік. Таңертең сабағымызға келеміз. Кешкісін қарауыл боп жұмыс істейміз десе оған ректор қой деп жатқан жоқ", - дейді Шоқан Уәлиханов атындағы КМУ-дің ғылым жөніндегі проректоры Кенже Абдуллаев.

Десе де, университет басшылығы өзге мемлекеттік оқу ордаларымен бірлесіп, министрлікке бірыңғай күндізгі бөлімде оқып жатқан магистранттардың сабаққа қатынасуы жөнінде жеңілдік сұрап хат жазамыз дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/944986-kokshetauda-oqyp-zhurgen-magistrantta/