Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бота Жұманова өзіне жасалған шабуылды қызметімен байланыстырып отыр

Опубликовано:

Арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәжілісінде Бота Жұманова өзіне жасалған шабуылдың мамандығына қатысы барын мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.

«Маған жасалған шабуылдың блогтар мен әлеуметтік желілерде жариялаған мақалаларыма қатысы бар, сондықтан тергеудің қорытындысын күтіп отырмын. Жеке жоспарыма келетін болсақ, мен қаржы нарығының ашықтығын дамытып, қаржы және мемлекеттік ұйымдардың қызметіне негізделген іскерлік контентті дамытуға бағытталған жұмысымды бұдан әрі жалғастыра бермекпін. Қазір аналитик әріптестеріммен бірге Қоғамдық қор құрып, тіркеу жұмыстарын қолға алдық. Оның негізгі қызметі халықтың қаржылық сауатын дамытумен байланысты жарияланымдар мен зерттеулер басу жұмыстарын қамтиды. Сонымен қатар біз зейнетақы жүйесін реформалауға қатысты ұсынысымызды әзірлеп, қоғамның ашық талқылауына шығаратын боламыз», - деді Бота Жұманова.

Естеріңізге сала кетейік, 8 қазанда өз үйінің кіреберісінде журналист Бота Жұмановаға шабуыл жасалып, салдарынан ол жабық бас сүйегі-ми жарақаты, мұрын сүйегінің сынуы және жартылай есінен айырылу диагнозымен Алматы қаласы 7-ауруханасының хирургиялық бөліміне түскен болатын. Шабуыл жасау оқиғасы бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Құқық қорғаушылардың талабымен бұл іс ІІМ-нің жеке бақылауына алынды.

Соңынан осы оқиға бойынша Алматыда 23 жасар жігіт қолға түсті. 28 қазан күні Алматы аудандық сотының тергеу судьясы Қылмыстық кодекстің 191-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы, 24-бабының 3-бөлігі бойынша күдікті деп танылған 11.11.1993 жылғы О.Мырзахан есімді азаматты 2 айға қамауға алу бұлтартпау шарасын қолдану туралы үкім шығарды.

«Тергеу тобы мен ІІМ басшылығына іздеу жұмыстарында танытқан белсенділігі үшін алғыс айтамын. Бастапқыда шабуыл жасаған жігіттің табылатынына күмәнім бар еді. Тергеу жұмыстарының нәтижесіне медиа және әлеуметтік желілерде туындаған дау, сондай-ақ құқық қорғау ұйымдарының белсенділігі әсер етті деп ойлаймын. Сондай-ақ қолдау білдіру мақсатымен «Норвегия Хельсинки комитеті», Freedom house және басқа да халықаралық құқық қорғау ұйымдары қол ұшын созғандарын атап өткім келеді. Қазіргі жағдайым жайында айтар болсам, медициналық оңалту шараларынан өтіп жүрмін, жақын арада жұмысыма ораламын. Өткен аптада тергеуге қатысты бірқатар шараға қатыстым. Атап айтқанда, күдіктіні тану және онымен бетпе-бет жүздесу кезінде мен күдіктіге қызықтырған барлық сұрақтарымды қоюға мүмкіндік алдым. Бетпе-бет жүздескеннен кейін «тонау» мақсатымен шабуыл жасалды деген себепке деген сенімім одан сайын сейіле түсті. Менің білуімше, тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр және оның барысында шабуыл жасаудың басқа да болуы мүмкін себептері тексерілуде», - деді журналист.

Еске салсақ, Бота Жұмановаға белгісіз адамның шабуыл жасау барысы түсіп қалған видео желіге 10 қазанда тараған болатын. Видеодан жас жігіт құрбанын үйіне кіреберіс жерде күтіп алып, соққының астына алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/945565-bota-zhumanova-ozine-zhasalghan-shabuyld/

pixel