Ақтөбенің бас имамы жергілікті журналисті "лақтырып" кетті
Опубликовано:
Ақтөбенің бас имамы журналисті алдап соқты. Бас имамнан алданған журналист Асқар Ақтілеуов ауырып, бір апта басын көтере алмаған деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Имамдар да алдайды, уәдеде тұра алмайды. Ал Ақтөбе облысының бас имамы Әбдімүтәлі Дәуренбеков журналист алдында айыпты екенін растайды.
Ақтөбе облысының бас имамы айды аспанға бір шығарды. Журналистермен жақсы байланыс ұстауды ойлаған ол облыстағы имамдардан ақша жинаған. Оның әр аудан мешіттерін басқарып отырған имамдар 2000 теңгеден ақша жинап берсе, журналист бізге ақпараттық қолдау көрсетеді деген сенімі абырой әкелген жоқ.
Журналист үшін әр имамнан 2000 теңге жиналды
Бас имамнан көңілі қалып, алданған журналист иманды адамдармен арадағы байланысы қалай басталғанын былай түсіндірді.
«Мені Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген ҚМДБ - ның баспасөз қызметкері Ағабек Қонарбайұлы шақырды. Облыстағы жаңа имаммен бірге жұмыс жасауымды өтінді. Осыдан кейін мешітте штаттан тыс баспасөз қызметкері міндетін атқарып жүрдім. Екі-үш ай өткен соң, 25 мың теңге көлемінде алғашқы жалақымды берді. Араға ай салып, екінші айлығымды алуға барсам, бухгалтерия қызметкерлері аудан имамдарынан 1-2 мың теңгеден баспасөз қызметкері үшін ақша жинап жатқанын айтып қалды. Ұялғаннан қара жерге кіріп кете жаздап, ол ақшаны алмайтынымды айтып, наиб имам Серікжан Еншібайұлымен сөйлестім. Нақты ештеңе айтпады»,- дейді Асқар Ақтілеуов.
Өзінің жалақысын имамдар жинап беретінін естіген журналист жағасын ұстайды. Осыдан кейін ол бұл қызметтен бірден бас тартқан. Ал, бас имам бұл туралы сұраққа күліп жауап берді.
«Қызық болды. Біздерде имамдар жұмыс істей алмайды. Яғни, жаза алмайды. Имамдарды шақырып сөйлестім. «Давай» былай етейік, сендер 2-3 мың теңгеден айына жинап бересіңдер дедім. Сендердің орындарыңа Асекең ақпарат жазып отырады дегенмін. Бірақ, имамдарымыз 2-3 мың теңгені уақытында тауып бере алмады. Ойлағанбыз, 12 аудан болса, 2000 теңгеден имамдардан айына 30 мың теңгедей жинап алып, Асекеңе береміз деп. Себебі, жұмысымызды көрсету қиын болғандықтан оны штаттан тыс етіп жұмысқа алғанбыз. Ақшаны жинап бере алған жоқпыз. Асекеңнің бізге өкпесі осы кезден басталды», - дейді Әбдімүтәлі Дәуренбеков.
Имамның өтірігі журналисті шалқасынан түсірді
Имам мен журналист арасындағы байланыс баспасөз қызметімен шектелмеген. Журналиске газет ашуға ұсыныс жасап, ақшасын төлеу керек кезде тұтқаны көтермей қашқан имам «Уақытында ақша тауып бере алған жоқпын» деп ақталып отыр.
«Баспасөз қызметінен өзге облыс имамы Әбдімүтәлі Дәуренбеков мешіт жанынан газет ашсақ деген ұсынысын да айтып жүрген. Ресми түрде өз атыма тіркеуді сұраған соң, құжаттар жинап, салық комитетінде жеке кәсіпкерлік тіркеттім. «Шәкірт» деп ат қойып, газетті министрлікке тіркеуге жібердім. Ойынан қайтатындай болса, істі бастамай-ақ қою керектігін де ескерттім. «Ешкімді тыңдамаймын, мешітке газет керек» деп бөскен соң, келістім. Имамнан да, мешіттен де көк тиын алмадым. Басқа облыстан дизайнер тауып, газет беттерін қаттай бастадық. 1000 данамен А3 форматта 8 бет қылып шығаратын болдық. Әр бетін дайындап, имамға көрсетіп отырдым. Ол әрдайым «барлығы жақсы, өте керемет» деп жүрді. Енді газетті тіркеу жөніндегі куәлікте көрсетілген уақыттың ішінде газетті шығаратын уақыт келгенде, баспаханаға жолықтым. Бағасын, уақытын келісіп болған соң, имамнан ақшасын сұрап бардым. Ағай екі күн қалды, ағай бір күн қалды деп ескертіп те отырдым. Баспаханаға тапсыратын күні Әбдімүтәлі имамның екі сөйлей бастағанын түсіндім. Телефонын көтермейтін болды», - дейді Асқар.
Бас имам да журналиспен мұндай байланыс болғанын растайды.
«Мақсат – облыстағы діни ахуалды жергілікті ақпарат құралдары арқылы беріп отыру болды. Ол тәуір жұмыс істеп жатты. Дұрыс, енді ақша жеткізе алмадық. Ол сұраған кезде тауып бере алмағанымыз рас. Ақша табу оңай емес», - дейді өзінің сол кездегі жобасына өкінгендей болған имам.
«Жиырма рет қоңырау шалған шығармын, тұтқаны алмады. Наиб имам да түсініксіз жауап берді. Қас қарая, жұмыс уақытының соңына таман мешітке бардым. Хиджаб киген хатшы қыз имамның жаназа шығаруға кеткенін айтып, айды аспаннан бір шығарды. Күн батқанда қайдағы жаназа шығару деп қоямын. Ұзын сөздің қысқасы, имам мені «лақтырып» кетті. Оның орнында газет басшысы, не телеарна жетекшісі мені алдаса, жұдырықтап төбелесе кетер едім, сәлде оранып отырған соң, имамға не айтамын?», - дейді имамдарға алданған журналист.
Жобасы құрылып, қолға алынбай қалған «Шәкірт» атты діни газеттің бюджеті айына 600 мың теңге болады деп жоспарланған. Кейін ақшасының аз екені есіне түскен имам, 600 мың емес, 200 мың теңге қылып өзгертеді.
Газет шығаратын күн тақап қалғанда ол ақша 150 мың теңге болып қысқарып, соңында көк тиын да таба алмаған.
«Солармен араласқан 3-4 ай уақытта мен, құдай сақтасын, «сыртқа айтуға болмайтын» көп жайтты білдім. Ол енді әрине, бөлек әңгіме. Онсыз да дін қызметкерлеріне сенім жоқта, жығылған үстіне жұдырық болмай-ақ қойсын. Барлығына бір Алла куә», - деді Асқар Ақтілеуов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/950337-aqtobeninh-bas-imamy-zhergilikti-zhurna/