Лондонда кәсібін дөңгелеткен қазақ қызы көпшілікті таң қалдырды
Опубликовано:
Алматыда туылып, Лондонда тұрып жатқан Эльмира Әділбекова әлемнің саяси астанасы атанып кеткен қалада жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұл туралы ол Айқын газетіне берген сұхбатында айтқан.
Алматыдағы Т.Рысқұлов атындағы жоғары оқу орнын экономика мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіріп, қаржы маманы болып шыққан соң Эльмира ары қарай оқуын жалғастырғысы келгенін айтады. Сөйтіп, Лондон бизнес-мектебінде азаматтық құқық бойынша бакалаврды бітіреді және қаржы магистрінің дипломын алады.
- Америкада жолдасым екеуміз төрт жыл тұрдық. Лондонда тұрып жатқаныма бес жыл болды. Лондон орталығындағы инвестиция бойынша ең үздік консалтингтік компаниялардың бірінде Англия заңдылықтарының қатаң талабына сәйкес клиенттермен қалай жұмыс істеу бойынша баға жеткізгісіз тәжірибе жинақтадым десем болады. Нәтижесінде осында өзімнің жеке компаниямның негізін қаладым.
– Сіз басқаратын фирма немен айналысады?
– Фирмамыз ағылшынша Regal Oak International LTD деп аталады, қазақша айтсақ «Корольдік емен». Білім, жылжымайтын мүлік, қаржы және салық, т.б. салалар бойынша сарапшылықпен айналысамыз. Құдайға шүкір, сапалы еңбектің арқасында табысты жұмыс жүргізудеміз, өзіміз де, клиенттеріміз де дән риза. Америкадан жинаған тәжірибемнің арқасында Англияға қоныс аударған немесе қоныс аудармақ талай адамның жат жерге тезірек сіңісіп кетуіне, үй алуына, жұмыс табуына, білім алуына көп көмегім тиюде. Алматыда, Астанада, Ақтөбеде де офистеріміз бар. Сондай-ақ компаниямыз Қазақстаннан бөлек Армения, Әзірбайжан, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Өзбекстан және Грузия елдерінде де қызмет көрсетеді.
Біз Лондон, Ұлыбритания бойынша білім беру саласы, сонымен қоса тұрғын үй, саяхат және студенттерді, магистранттарды, туристер мен иммигранттарды қызықтыратын басқа да көптеген мәселелердің, сұрақтардың әркімге де тиімді, қолайлы, уақытты үнемдейтін жақтарын қарастыруға әрдайым дайынбыз.
Мәселен, жеке клиникалар, сауықтыру бағдарламалары, босану, аурухана, лизинг, өнер мен сән, той өткізу, тағы да басқа да көптеген сұрақтар бойынша сапалы қызмет көрсетеміз. Түрлі құжаттар бойынша көмектесеміз. Әркімнің жеке қалауы бойынша, тұрып жатқан ауданын ескере отырып, мектеп жағдайын қарастырып, жылжымайтын мүлік таңдауға, Ұлыбританияда автокөлікті жалға немесе сатып алуына қызмет көрсетеміз. Біз, қажет болған жағдайда, автокөлік сақтандыру бойынша да қызмет көрсетуге, дилерлер туралы ауқымды ақпаратты ұсынуға да зор үлес қосудамыз.
Сондай-ақ Лондон, Ұлыбритания жеріне қадам басқандардың жоспарлап келген қызықты демалыстарының көңілді өтуін қарастырамыз. Туристердің автобуспен немесе жеке турмен, гидпен тарихи қалалармен (Лондонға, Warwick Castle, Оксфорд, Кембридж, Windsdor Castle, Лидс, Стоунхенджа, Bath, Stratford, Cotswolds) танысуға, саяхатқа байланысты билеттерін тиімді бағаға сатып алуға, бронь жасауға, қонақүй, мейманхана, хостел жалға алуға қызметімізді ұсынамыз.
Балабақшадан бастап, мектеп (жеке, мемлекеттік), лингвистикалық (ағылшын тілін меңгеретін) және басқа да кәсіби курстарға , жоғары оқу орындарына (бакалавриат, магистратура, доктарантура) түсуге байланысты толық сапалы ақпараттар ұсынамыз. Студенттерге жатақхана таңдаудың тиімді жолын ұсынамыз. Бізде жылжымайтын мүлік нарығындағы деректер үнемі жаңартылып тұрады. Қысқасы, сәттіліктің кілтін Лондон, Ұлыбритания мемлекетінен іздегендерге Корольдік емен қашан да сапалы қызмет көрсетуге даяр.
– Отбасыңыз жөнінде бірер сөз айтсаңыз?
– Жолдасым Ермек те қаржы саласының қызметкері. Алматының «Ақсай» шағын ауданында көрші тұрдық. Ол мектепте орысша оқыған. Өзім қазақ балабақшасында тәрбиеленіп, Алматыдағы 147-қазақ мектебін 16 жасымда үздік бітіргенмін. Жолдасым екеуміз де университетте бірге оқыдық. Оқи жүріп бас қостық. Екі қызымыз бар, болса да ағылшын мектебінде оқиды. Үйде тек қазақша сөйлесеміз. Әке-шешем Алматыда тұрады. Әкемнің есімі – Ислам, полиция қызметкері болып жүріп зейнет демалысына шыққан. Қазір де қол қусырып отырған жоқ, басқа салада еңбектенуде. Анам Айгүл шағын бизнеспен айналысады. Кулинария маманы. Өзім үйдің тұңғышымын. Сіңлім мен інім бар.
– Еуропадағы қазақтар туралы не дейсіз?
–Бұрыннан тұратын, яғни Түркиядан 80-жылдары көшіп барған 400-дей жергілікті қазақтар туралы айтсам, өкінішке қарай, олардың көбісі ана тілін ұмытып бара жатыр. Жастар жағын айтам. Бүгінгі ұрпақтың ана тілінен ажырап бара жатқандығына ата-аналары алаңдаушылық білдіреді. Балаларымен ағылшынша сөйлеседі. Оларды қойшы, өзіміздің Қазақстаннан оқуға барған талай жастың қазақша білмейтіндігін көргенде еріксіз қарның ашады. Амал жоқ, қазақ балаларымен орысша түсінісуге тура келеді.
Лондонда тұратын қазақтардың негізін осы елден келген студенттер құрайды. Дегенмен, ағылшындар қазақ балаларының таланттылығына таңғалады. Лондонда тұратын жаңа қазақтар қаланың ең ауқатты ауданында тұрады. Онда да тіл мәселесі алдыңнан шығады. Болашақта қажетті шаралар қолданылмаса жаңа буын қазақтар, тұрған елдерінің мәдениетін және салт-дәстүрлерін қабылдап, ассимиляция болып кететіні анық. Мәселе балаға берілетін ұлттық тіл мен мәдениетте.
Англиядағы ата-аналарға жүктелетін жауапкершілік өте көп. Бірақ сол ата-аналардың өздері де ана тілден мақұрым. Оларға қол ұшын беру ең алдымен Қазақстандағы тиісті орындардың алдында тұрған міндет. Әрине, Еуропадағы Қазақ мәдениет орталықтары жастарға қазақ тілінің оқытылу жұмыстарымен шұғылданып жатқаны анық. Лондондағы Қазақстан елшілігі, ондағы қазақ мәдениет орталығы дегендей. Дегенмен, Қазақстанның да атсалысқаны дұрыс. Ал өзімізге келсек, алыста жүрсек те жүрегіміз тек «қазағым» деп соғады.
– Лондон мен Алматының ерекшелігі неде?
– Мұнда біздегімен салыстырғанда тамақ қымбат та, киім өте арзан. Қала өте таза. Шаһарды қақ жарып Темза өзені ағады. Бірақ көшелері тар. Көненің көзі саналатын сәулетті ғимараттары көп. Саябақтар да жетеді. Тұрғындар ыңғайлы кез келген жерге отыра береді. Өздеріне ыңғайлы киім киінеді. Ол жақтың халқы көбіне үйден гөрі мейрамханалардан тамақтанғанды құп көреді. Қалада туристер өте көп. Лондон туралы сөз айта берсең таусылмайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/957704-almatyda-tuylyp-londonda-kasibin-donh/