Қазақ төбеттерінің чемпионатындағы аянышты көріністер жаға ұстатты (видео)
Опубликовано:
Маңғыстауда өткізілетін ит таласқа қатысты дау әлі күшейіп тұр. Өйткені көпшілік итті бір-бірімен таластырып қойып, қызық көру жауыздық деп есептейді.
Алайда "Тазы. Төбет. Бөрібасар" Ұлттық спорт федерациясының облыстағы филиалының өкілдерінің пікір басқа. 31 арнаға келіп, алғаш рет ресми жауап қатқан олар ит талас заңды түрде ұйымдастырылады дейді.
Қансырап әлсірегенше бір-бірін талайтын иттердің таласы Маңғыстауда биыл екінші рет өткізілді. Қазақ төбеттерінің ашық чемпионатындағы аянышты көріністі көргендер «иттерді ақша үшін таластырып, пайда көріп жатыр» деп ұйымдастырушыларды айыптауда. Ал аймақтық федерация төрағасы мұны теріс пікір деп келіспейтіндігін айтады. Керісінше, қазақтың төбет тұқымын көбейту үшін заңды түрде жасалып жатыр дейді.
"Біз бәрін заңды түрде өткізіп жүрміз. 2014 жылы арнайы рұқсат қағаз алдық. Яғни, ресми түрде тіркелдік. Біз иттердің арасынан мықтысын анықтап, Қазақстан чемпионатына дайындаймыз. Жарыс кезінде ветеринарлар да болады. Спортты дамытудың бір түрі бұл. Ешкімге ешқандай қауіп жоқ", - дейді «Тазы төбет бөрібасар» ұлттық спорт федерациясының төрағасы Еркін Балдеков.
Федерация құрамында қазір 100-ге жуық асыл тұқымды ит бар. Солардың арасынан тіпті қасқырмен шығарса да дес бермейтіндері таңдалып алынады дейді ұйымдастырушылар. Таласқа иттерді бір ай бойы дайындайды екен. Ал таласта танылып үлгерген танымал иттердің иелері сол үшін ақшалай марапатталады. Ал "итке обал ғой" дейтіндер бұл байқауға түбегейлі қарсы.
"Аталған федерацияның иттерді төбелестіруге рұқсаты болғанымен заң аясында бұл қайшылық болып есептеледі. Бұл барып тұрған қастандық. Біз бір ауыздан жануарларға қатыгездік таныту деп санаймыз. Жеке өзім ғаламтордағы иттердің төбелесі туралы бейнені көріп шошыдым. Біздің үкіметтік ұйым федерацияның үстінен прокуратураға шағымданамыз!!!", - дейді «Эко Маңғыстау» ҮЕҰ төрағасы Кирилл Осин.
Егер прокуратура өкілдері заң аясында төбеттерге қатыгездік танытты деп айып тақса, оларға 100 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін екен. Сондай-ақ, ит талас табыс көзіне айналғаны анықталса бес жылға дейін жаза кесілуі де ғажап емес.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/969098-qazaq-tobetterininh-chempionatyndaghy/