Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Келін-шай мен ененің аяғын жуу: Қазақстанда қалай мінсіз келін атануға болады?

Опубликовано:

Келін мен ене қарым-қатынасы қашан да ел талқысында жүреді. Себебі жаңа түскен келінге қойылатын талаптар жетіп артылады. Келінге қатысты кей оғаш дәстүрлер оны алғаш естігендерді есеңгіретіп тастаса, таң қалмаңыз.

Тойдан кейін таңертең басына орамал тағып, шай беруі тиіс деген талапты кей арулар орынсыз деп санайды.

Әр отбасы мүшесіне кеселерін шатастырмай үлкенінен бастап, кішісіне дейін шай құюды қиын көретіндер келіндерге қойылатын өзге талаптарды естісе, тіпті жағаларын ұстары анық.

Мәселен, той кезінде қалыңдық күйеуінің туысқандарын қолынан сүйіп, бас июі керек деген де талап бар. Ал оған жауап ретінде болашақ туыстар көрімдік береді.

Таңғы алтыда тұру да қиын емес. Барлығы жұмысқа бару үшін осындай уақытта тұрып жатады. Алайда келіннің жалғыз айырмашылығы - демалыс күні деген болмайды. Ата-анасының қолында еркелеп өскен Гүлсім күйеуге шыққалы күнде сағат таңғы бестен оянады.

Таңғы асқа түрлі тамақ әзірлеуден күні басталатын келіншек өзіне қойылған талаптар туралы айтып берді.

Ол бешбармақ әзірлеген сайын босаған табақты бәріне иіліп алуы тиіс. Одан кейін дастархан басындағыларға кері бұрылмай, артқа қарай жүріп, шығып кетуі керек екен.

Тағы бір дәстүр - келінге қайын жұртын өз есімдерімен атауға тыйым салу. Ол әрқайсысына өзі құрметпен есім ойлап табуы тиіс.

Ең оғаш дәстүр - енесі мен қайын атасының аяғын жуу. Күйеуінің туыстарына сыйластығын көрсетуі үшін келінге сондай талап та қойылып жатады. Дегенмен бұл талап елімізде көп кездесе бермейді. Тек Оңтүстік Қазастандағы кей өңірлерде ғана көрініс табады.

Тағы бір ескірген дәстүр - әмеңгерлік. Жесір қалған әйелді күйеуінің ағасы өзіне қалыңдық етіп алады. Бұл тек әйелдің келісімімен ғана жүзеге асырылған. Бұған басты себеп - балалардың әкесіз өспеуін қамтамасыз ету болатын.

Тұңғыш баланы әжесінің, атасының бауырына басу - келесі ескі дәстүрлердің бірі. Ата-әжесіне баласын табыстауды тарихшылар көшпенді заманнан туындаған дәстүр деп санайды. Ол кезде жастайынан отбасылы болғандар бала тәрбиесін үлкендерге табыстағанды жөн санаған.

Ал бүгінде бұл дәстүр көбіне жұмысбасты отбасыларда қолданылып жатады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/975162-kelin-shay-men-eneninh-ayaghyn-zhuu-qazaqst/

pixel