RU

Алматыда 78 жастағы ер кісі жалғыз өзі екі кішкентай баланы тәрбиелеуде

Алматыда 78 жастағы зейнеткер 10 және 7 жастағы екі баласын жалғыз өзі тәрбиелеуде. Хапас Бранқұловтың өте жас әйелі оны балаларымен бірге тастап, хабарсыз кеткен.

Бұл туралы «Времяға» сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Хапас қызы Қарлығаш және ұлы Олжаспен бірге бір бөлмелі пәтерде тұрып жатыр. Ол тек фотограф ретінде ғана жұмыс істеп келген. Оның жұмыстары қабырғаларға ілініп жатады. Елдің қуанышын, тойын түсіретін зейнеткер кезінде өзінің тойын да түсірген. Өмірінде екінші рет болған бұл той ер кісінің өмірін түбегейлі өзгерткен.

11 жыл бұрын фотограф өзінен жарты ғасырға кіші жас қызға ғашық болып қалады. Ортақ екі баласы дүниеге келгеннен кейін әйелі оларды тастап, кетіп қалады. Оның қазір қайда екенін ешкім білмейді. Жалғыз белгілісі - әйелдің тағы бір баласы бар екен.

Ал 78 жастағы әке қызының шашын өріп, қазаношақтың басында жүреді. Ұлын шахмат үйірмелеріне апарып, үй тіршілігін өзі жасайды.

Бранқұловтар отбасына тілшілер келгенде балалар Аяз атаға хат жазып отырған екен. Олар хатта анасын қайтаруды емес, өзге кішігірім сыйлықтарды сұрап отыр. Қыз бала әдемі көйлек кигісі келсе, ұл бала пультпен басқарылатын ойыншық машинаны армандайды екен.

Қарлығаш пен Олжас барлығын үнемдеу керек екенін жақсы түсінеді. Отбасы 70 мың теңгелік зейнетақыға күн көріп келуде. Хапас бұл қаражатты бәріне жеткізуге тырысып бағады: коммуналды қызметті төлеуге, азық-түлікке, киім-кешекке. Алайда көбіне жетпей қалып жатады.

Зейнеткер талай рет балаларға қандай да бір жәрдемақы беріле ме деп сұрастырған екен. Алайда заң бойынша үш адамға 70 мың теңге жеткілікті деп танылып, одан артық көмек болмайтыны анықталған. Жалғыз алуға болатын жәрдемақы - бір рет қана берілетін 13 мың теңге.

Әуезов ауданындағы көпбалалы аналар одағы ер кісі жалғыз өзі балаларды бағып отырғанын естіп, көмектесуге уәде берді. Ал ерлерге арналған «ЕрАзамат» дағдарыс орталығы бір баланың сыйлығына ғана қаражат жинап бере алатынын айтқан.

12-ден астам балаларға арналған ұйымдарға хабарласқаннан кейін қол жеткізілген жалғыз көмек осындай болды.

"Время" басылымының рұқсатынсыз материалды пайдаланып, көшіруге болмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/975420-almatyda-78-zhastaghy-er-kisi-zhalghyz-ozi-e/