Сапарбаевтың жалғыз ұлы Ferrari мінген суретіне қатысты NUR.KZ-ке эксклюзивті сұхбат берді
Опубликовано:
Қазнеттің жұлдызына айналған Сапарбаевтың жалғыз ұлы Ferrari мінген суреті туралы NUR.KZ сайтына эксклюзивті сұхбат берді. Ол көрсеқызарлыққа салынып, әлсіздік танытқанын мойындады.
Әкесінің беделін ойлаған ұлы көпшіліктің қызығушылығын тудырған суретті жауапсыз қалдырған жоқ.
«Жақында отбасымызға қатысты ғаламторда материал жарияланды. Онда менің Ferrari маркалы көліктің рөлінде отырған суретім салынған. Оған оқырмандар тарапынан әртүрлі пікірлер білдірді. Сондықтан мен бұл суретке қатысты түсіндіріп кеткім келеді. Бұл сурет 2011 жылы Түркияда түсірілген. Ол кезде мен 20 жаста болатынмын. Көшеде келе жатқанымда қымбат маркалы, әдемі көлікті көрдім. Оның қасында суретке түскім келді. Менің қызығушылығымды байқаған көлік иесі машинаға мініп, суретке түсуге рұқсат берген болатын. Мен сол кезде алған әсерімді әлеуметтік желі арқылы көпшілікпен бөліскен болатынмын», - дейді Жансұлтан Сапарбаев.
Саяси тұлға саналатын Сапарбаев мұрагерінің көшедегі көлікпен түскен суретіне 4 жыл өтсе де, отбасын қазнеттің талқысынан шығарар емес.
«Мен ол суретке түскен кезде бұқаралық ақпарат құралдарында бұлай талқыланады деп ойламаған едім. Бұл сурет туралы биыл бірінші рет айтылып жатқан жоқ. Ол БАҚ бетінде осыдан 2-3 жыл бұрын жарияланған болатын. Қазір сурет басылымдарда қайта шығарылып жатыр. Мен бұл жарияланымды әкемнің имиджіне қалай да бір әсер ету мақсатында жасалынған әрекет деп білем, басқа ештеңе де емес!», - дейді Сапарбаевтың ұлы.
Жансұлтан Сапарбаев Астанадағы Гумилев атындағы ЕҰУ-ды бітірген. Одан кейін достарымен бірге шағын кәсіп ашуды қолға алған. Оның айтуынша, қазіргі мініп жүрген көлігі- KIA.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/976344-saparbaevtynh-zhalghyz-uly-ferrari-mingen-sure/