RU

Атырауда жүкті болып қалған жасөспірім қыздардың жартысы - оқуға ауданнан келгендер

Атырау жүкті болып қалған жасөспірім қыздардың жартысы - оқуға ауданнан келгендер. Мұндай мәлімдемені өңірдің гинекологтары жасап, дабыл қағуда деп жазады Ақ жайық басылымы.

Медиктердің бақылауы бойынша, жүкті болып қалған жасөспірім қыздардың жартысы облыс орталығына оқуға ауданнан келгендер екен. Осылай дабыл қаққан гинекологтардың пікірінше, 18 жасқа толған соң барып жүкті болғаны дұрыс, өйткені, бұл жасқа дейін әйел ағзасы босануға дайын емес.

Оның үстіне, жыныстық қатынасты ерте бастау гинекологиялық аурулардың көбеюіне əкеледі. Сондай-ақ, дәрігерлер көптеген жүкті болып қалған жас қыздар жыныстық жолдары арқылы берілетін инфекцияларды жұқтырып, соның салдарынан патологиясы бар сәбилердің туылуы көбейгендігін де айуда.

№1 қалалық емхана гинекологы Айқияш Шунаеваның айтуынша, бүгінде 6-7 сыныптарда оқитын қыз балалар арасында жыныстық қатынасты бастаған жағдайлар бар. Мәселен, бір әйел жыныстық қатынасты бастап кеткен өзінің 7-сыныпта оқитын қызын алып келген.

"Бізге балалар гинекологы керек. Мәселе жоқ секілді қарау дұрыс емес болар еді. Біздер қыз балаларға әйелдер гигиенасы туралы 3-4 сыныптан бастап айтуымыз керек. Ата-аналар бұл жастағы қыздардың гинекологы туралы айтса шошиды. Бірақ, біз қатып қалған қағидалардан қашуымыз керек, қыз балаға болашақ ана, ұрпақ өрбітуші ретінде қарап, оның денсаулығын қадағалап, қазірден сақтандырып отыруымыз керек", - деп есептейді Шунаева.

Гинеколог атап өткен тағы бір проблема, жүкті болып қалған оқушы қыздардың мектеп мейірбикесі мен учаскелік дəрігерлердің тарапынан бақылауға алынбауы.

"Жақында 9-сыныптың қызы тоғызыншы сынып оқушысынан жүкті болып қалды. Мектеп мейірбикесі бұл жағдайды білгенімен бақылауға алмаған. Ол «маған бəрібір» деп қарап отыр. Жүктілік мерзімі 12 аптадан асып кеткен. Ал бізге ертерек хабарласа, жүктілікті дəрімен тоқтатар едік. Дəрілік түсік демекші, жүктілікті үзуге арналған дәрілік препараттарды қабылдайтын әйел үнемі гинекологтардың бақылауында болуы тиіс. Дəріханаларға да мұндай дəріні дəрігердің рецептісінсіз немесе анықтамасынсыз сатуға тыйым салу керек деп есептеймін. Бұл препараттарды дəрігердің бақылауынсыз қабылдаған əйелдің денсаулығына ауыр зардап келуі мүмкін", - деп ескертті Шунаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/980802-atyrauda-zhukti-bolyp-qalghan-zhasospir/