RU

ОҚО-да тұрмыс құрмаған қыздардың бағын ашатын киелі орын көпшілікті таң қалдырды

ОҚО-да өмірде жолы болмай, тұрмыс құра алмай жүрген қыз-келіншектер тәу ететін киелі жер көпшіліктің назарын аударды деп жазады Замана газеті.

"Аңыз-деректерге сүйенсек, ертеректе Әмiрхан есiмдi ел тұтқасын ұстаған әрi аса бай кiсi өмiр сүрiптi. Сол кiсiнiң Шешушi деген баласынан Дiлдәрбек есiмдi немересi болыпты. Мiне, осы Дiлдәрбек бабаның Нұрзада, Сұлушаш, Қарашаш, Сандуғаш есiмдi қыздары болған екен. Жаугершiлiк орын алып, жоңғарлар қазақтарға қырғидай тиiп жатқан тұста әлгi қыздар шыдай алмай, соғысқа араласып, дәл осы жерде қаза тауыпты. Олар жас кездерiнде өнерлi, iсмер боп өскен екен. Сондықтан шығар, әулиеге зиярат етiп келушiлердiң кейбiрiнiң ойламаған жерден ән айтатын, өлең жазатын, ою ойып, тiгiс тiгетiн қасиетi ашылады дейдi. Зиярат етуге көбiне-көп бағы ашылмай жүрген қыз-келiншектер, өнердегi, қызметтегi жолдарын аштырғысы келетiн азаматтар келедi екен", - деп жазады басылым.

«Қыз әулиенің»  шырақшысы Ұлтуар Мешбаева киелі жерге кімдердің келетінін айтып өтті.

Ұлтуар Мешбаева шырақшылықты бастаған тұста қазiргi «Қыз әулиенiң» орны жазық дала болған екен. Шырақшылық ететiн дайын баспана да болмаған. Сол сәтте Панис есiмдi бiр бала келiп, шатырдан үй тiгiп беруге жәрдемдесiптi. Кейiннен жердi қазып, жертөле салып берген. Мiне, сол жертөледе Ұлтуар 5 жыл өмiр сүрiптi. Ал соңғы 13 жылдан берi әулиеге келушiлердiң жәрдемiмен тұрғызылған 3 бөлмелi шағын үйдi паналауда.

Өзi шағын болса да үйге кiрiп, шай iшушiлер, зиярат етуге келген адамдар өте көп. Адам қарасы үзiлмейдi екен. Әсіресе, түс ауа бастағанда адамдардың қатары көбейе түстi.

«Бұл жерге ата-анасының тiлiн алмай, терiс жолға түсiп кеткен, аяғын шалыс басқан жастар өте көп келедi. Мен көрiпкел емеспiн, пал да ашпаймын. Мен тек аналық ақылымды айтамын, өмiрден көргенiмдi, көңiлге түйгенiмдi жастарға үйретемiн. Қазiргi заманның жастары ата-анасын сыйлап, үлкендердi ренжiтпей жүрсе, қыздарымыз оң босағада отырып абыройынан айырылмай, өз теңiн тапса, бала көтермей жүрген қазақтың келiндерi ұлды-қызды болып, ұрпақ өрбiтсе, оған «Қыз әулиенiң», менiң титтей де болса көмегiм тисе деймiн. Сол үшiн үй-жайымнан, бала-шағамнан жырақта, әулиенiң басында өмiр сүрiп жатырмын", - дейді шырақшы әжей.

Киелі жерден көмек күте келген 32 жастағы Дәмира (аты-жөні өзгертілді) тұрмысқа шыға алмай жүргенін айтты.

«Осыдан бiраз уақыт бұрын таныстарымнан «Қыз әулиеге» барған қыздардың тiлегi орындалып, ертерек тұрмысқа шығатынын естiгенмiн. Содан берi бiрнеше мәрте келiп жүрмiн. Келген сайын дәмдi-тәттiлерiмдi пiсiрiп әкелемiн, әулиенiң басында зиярат етiп, Алладан керегiмдi сұраймын. Маған керегi – ертерек тұрмысқа шығу. Бала босанып, ана бақытына бөленсем деймiн. Кезiнде үйленуге ұсыныс жасаған жiгiттер болды, бiрақ таңдап жүре берiппiн», – дейдi Дәмира.

Осы сәтте шырақшы Дәмираға қабырғада iлулi тұрған той көйлектерiнiң бiрiн киюдi ұсынған. Дәмира да бiрнеше мәрте келiп үйренiп қалғандықтан,  артық сұрақ қоймастан аппақ той көйлегiн киiп алды. Ал шырақшы апа қыздың иығына ақ жаулық салып, басына сәукеле кигiздi. Сөйттi де Дәмираға құран кiтаптар, тәспi, қамшы секiлдi заттар тұрған үстелдi үш рет айналып шығуды бұйырды. Ал өзi алақанын жайып, Алладан Дәмираның жолының ашылуын тiлеп, дұға еттi.

Мұндай рәсiмдi Сарыағаш ауданына қарасты Абай ауылынан келген Гүлсара да қайталады. Оның да жасы 32-де, «Қыз әулиеге» осымен үшiншi рет келiп отыр екен. Гүлсара тұрмысқа шығардан бұрын денсаулығының түзелiп кетуiн тiлеп келiптi.

«Менi бұл жерге жеңгем ертiп келген. Ол кездерi менiң денсаулығым нашар болатын. Болмашы нәрсеге ашуланып, өз-өзiмдi ұстай алмай қалатынмын. «Қыз әулиеге» келгелi берi жақсымын. Алдымен Алланың, сосын осы киелi жердiң қасиетiнiң арқасында өзiмдi жақсы сезiнiп жүрмiн. Бұл жерге мен секiлдi жасы отыздан асып кеткен, тұрмысқа шыға алмай жүрген қыздар өте көп келедi. Өздерiмен бiрге азық-түлiк немесе үйiнен ас дайындап әкеледi. Көбiне жолымдағы түйiндер шешiлсiн деп түшпара түйiп әкеледi, несiбем күрiштiң дәнiндей көп болсын деп палау пiсiредi. Жетi күннен берi осы жерде түнеп жүрмiн. Сауап жинайын деп келген-кеткендердiң ас-суын дайындаймын, шырақшы апаға жәрдемдесемiн. Әрi осы жерде жүрген Сұлтанғали есiмдi кiсiге оқытыламын», - дейді Гүлсара.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/981034-oqo-da-turmys-qurmaghan-qyzdardynh-baghy/