Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде тұрғындар мола салудан жарысып жатыр

Опубликовано:

Ақтөбеде мәрмәрдан құйылған қорым тұрғызу сәнге айналды. Бейіттер көше-көшеге бөлініп, олардың арасына асфальт жол мен жарық тартылып тұр. Отбасында бір адам қайтса, үйдің қалған адамдарына марқұмның қасынан жер алып қоятындар көбейген деп жазады NUR.KZ порталаның өңірдегі тілшісі.

Осындай мәліметті айтқан Ақтөбенің бас молдасы жаға ұстатар жағдайды жайып салды. Адамдар мола салып, оның айналасын сәндеп жарысып жатыр.

«Бестамақтағы молаға барып көрсең, көше-көшеге бөліп тастаған, араларына жарық та өткізген. Бір ауылдан кем емес. Шариғатта бұлар қаралмаған. Қазір «ата-бабаларымыз бізге осындай жер қалдырды» деп мақтанып айтып жүрміз. Ертең 300 жылдан кейін біздің ұрпағымыз не айтады? Бабаларымыз бізге мола қалдырды деп айта ма?», - дейді Ақтөбе облыстық «Нұр ғасыр» мешітінің бас молдасы Жайылхан Абдисаламов.

Молда айтқан «ана ауылға» біз де бардық. «Мені көр» деп, мен мұндалап тұрған зират көп. Ескі молалар ақ кірпіштен салынса, одан кейінгілер қызыл кірпішпен өрілген. Ал қазірде қорым басында мәрмәрдан құйылған жаңа молалар көп. Өлі адамның басын қарайтып жатқандар адамдардың моланы жарысып салып жатқанын айтады.

«Біз жалданып, ақшаға мола тұрғызып береміз. Өзіміз қызығамыз. Үйімізде қолданбайтын құрылыс материалдарымен моланың басын безендіреміз. Енді ақшасы бар адамдар не істесе де өздері біледі. Мәрмармен көмкеріп мола тұрғызу үшін миллиондап ақша кетеді. Сонда да жасап жатыр. Тапсырыс беретіндер «басқалардан ерекше болатындай етіп, әдемі қылып жаса» дейді. Жалдамалы жұмысшы болған соң, ақшасына жасап береміз», - дейді бейіт басындағы жұмысшылар.

Тіршілігі бар ауылға қарағанда жолы түзу, жарығы жүргізілген әруақтардың үнсіз ауылылына қарап, таңданбасқа шараң жоқ. «Ақырзаман деген осы ма?» дерсің. Түрлі таспен безендірілген қорымдарда мешіттің суреттері бар. Адамдар келгенде отырып демалатын жерге дейін жасалынған.

«Шариғатта мола салу харам саналады.Кезінде біздің ата-бабамыздың дархандығымен, дәстүрімен кірілген зат. Ол ауруының емі жоқ. Жоқ адам несие алып, мола салып жатыр. Несие алып жаназа намазын жасап жатқандар бар. Біз ешкімге тосқауыл қоя алмаймыз. Жасыратын ештеңесі жоқ. Бөтен жерді алмай-ақ қоялық, мына Бестамақ аулының бержағындағы қорым да толуға айналды. Онда сондай бір молалар бар, ана моланы бұзу үшін астына динамит қойсаң да жарылмауы мүмкін. Арматуралатып тұрып құйылған, оны ештеңемен де бұзу мүмкін емес. Ал шариғатта уақыт өте халықтың, елдің игілігіне керек болатын болса, ол жерді көшіруге үкіметтік құқы бар. Ал қазіргідей жағдайда қалай болатынын айту қиын. Түбіне дейін құйып тастаған», - дейді молда.

Дін қызметкерлері моланың орны осыған дейін пайдаланып келгенін айтады.

«Моланың орнын басқа мақсатта пайдаланған жағдай бізде болған. Қазіргі кезде «Ақтөбе теңізі» аталып жүрген жасанды су қоймасының табанында бұрын мола болған. Кеңес үкіметі кезінде Украинадан бригада келіп, соны көшірді. Қазып, сүйектерді алып, басқа жерге көмді. Себебі елу жылда ел жаңа. Бірақ қазіргі қорымдарды көріп, шошисың», - дейді Жайылхан Абдисаламов.

Ақтөбе қаласының Кірпішті елді мекені жанындағы христандық зират арасына да асфальт төселінген, көше-көшеге бөлінген. Бір даңғыл бар. Ескерткіш секілді етіп тұрғызылған зираттарға қарап, өзіңді тарихи жерді аралап жүргендей сезініп қалуың ғажап емес.

Қайтыс болған адамның жұбайына марқұмның қасынан жер алып қойғандар көп. Сонымен қатар, бір үйдің төрт адамына бір орыннан жер алынып, үлкен мазар салынған. Биік етіп салынған мазарда бір адамның ғана қабірі жатыр.

«Өз басым да әке-шешеме төрт құлақ қылып мола салдым. Білем мола салуға болмайтынын, сонда да салдым. Халықтан шығып кете алған жоқпын. Жұрттың бәрі салып жатқан кезде қалай салмайсың, әйтпесе олар ертең айтпай ма, «мынау уахабист болып кеткен» деп. Мен шынымды айтып отырмын, қазір адамдардан не сұрайсың. Негізі шариғатта мола тұрғызу қаралмаған. Белгі тұрғызу керек. Бірақ біздің аталарымыз кішкентай-кішкентайдан осындай мәрмардан құйылған молаларға жеткізіп отыр. Білмеймін мұның қалай тоқтайтынын мүмкін үкіметтің араласуымен тоқтамаса. Әйтпесе біздің айтқанымызбен тоқтамайды. Ысырапшылдықты тоқтату қиын болып тұр», - дейді молда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/981707-aqtobede-turghyndar-mola-saludan-zhary/

pixel