Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан жұртшылығы Әбіш Кекілбаевпен қоштасты (фото)

Опубликовано:

Қазақ халқы Қазақстан Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлымен қоштасты.

Кемеңгер тұлға, ірі қоғам қайраткері, аса дарынды жазушы, ерекше дарын иесі екендігін баршаға мойындата білген Әбіш Кекілбаевты ақтық сапарға шығарып салуға сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов, Мелекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев, парламент депутаттары, облыс әкімдері, елiмiздiң көрнектi мәдениет және өнер қайраткерлерi, жазушылар, ақындар және елорда жұртшылығы келдi.

«Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ әдебиетінің Абызы, елбасымен бірге Тәуелсіз мемлекеттің берік іргесін қалауға аянбай атсалысқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлын соңғы сапарға шығарып салуға жиналып отырмыз. Бұл Қазақстан жұршылығының қабырғасын қайыстырған орны толмас қаза. Әбіш Кекілбайұлы қазақ руханиятының өсіп, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Қазақ әдебиетін Әбіш Кекілбаевсыз елестету мүмкін емес», - деді Қасым Жомарт Тоқаев «Көрме» кешенінде Әбіш Кекілбайұлын ақтық сапарға шығарып салу шарасында.

Сондай-ақ, сенат төрағасы елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.

«Қаралы хабарды естіген соң, елбасы өзінің Тәуелсіздік дәуіріндегі серігі Әбіш Кекілбаевтың отбасына арнайы келіп, көңіл айтты, жеделхат жолдады. Соны оқып беруге рұқсат етіңіздер», - деп тоқталды сенат төрағасы.

«Белгілі қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың дүниеден өтуіне байланысты орны толмас ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Көрнекті жазушы, терең білімді жана таза азамат Әбекең тек қазақ халқының ғана емес, Алты Алаштың әлем алдында бетке ұстар ірі тұлғаларының бірі еді. Ол табиғи дарынымен жастай танылды. Мазмұны терең, танымдық мәні зор көркем туындылармен, қоғамның түйткілдерін тап басатын отты мақалаларымен, философиялық толғамдарымен қаламдас әріптестерінің де, қалың оқырманының да жан-жүрегін тез жаулап, мызғымас бедел иесі атанды», - делінген жеделхатта.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Әбіш Кекілбайұлы қаламгерлік дарынын ешқашан қоғамның тыныс-тіршілігінен бөлек қойып көрмегенін, шығармаларының көпшілігін жауапты және жоғары мемлекет қызмет лауазымдарын қатар алып жүріп жазғанын атап өткен.

«Біз қиын-қыстау жылдарда ел игілігі үшін қатар жүріп қызмет атқардық. Оның талай-талай орынды ақыл-кеңестерінің куәсі болдым, жанашырлық көмегін сезіндім. Оның есімі мен шығармалары әрдайым туған халқымен бірге жасай береді. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәнатта болсын!», - делінген президенттің жеделхатында.

Ұлты үшін Абыз - Әбіш мәңгі қазақтың жүрегінде, еліміз мәңгі жасаса, қазақтың кемеңгер тұлғасы да мәңгі жасайды.

Еске сала кетсек, осыған дейін Әбіш Кекілбайұлының сүйегі Ұлттық пантеонға қойылатынын хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/985474-qazaqstan-zhurtshylyghy-abish-kekilbayu/

pixel