70 жастағы таксиші әжей жұртшылықтың ықыласына бөленді (фото)
Опубликовано:
Семейде жасы 70-ке келген әжей көлік жүргізуді үйреніп, такисші болып жұмыс істеп жүр. Темір тұлпардың қыр-сырын меңгерген ақ жаулықты әжені көргенде таң қалмау мүмкін емес.
Бұл туралы Семейдегі NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Аягөз қаласының тұрғыны Оразхан апа бүгінде 4 ұл мен 1 қыздың анасы, 15 балдырғанның әжесі. Ал жары арбашы болып жұмыс істейді.
Оразхан апа 30 жыл бойы сауда-саттықпен айналысады. Осы кәсіпті дөңгелетіп жүргенде басшысы Тұрлыхан Нұрахметұлы "Запорожец" көлігін сыйға тартқан. Бұл Оразхан әжейдің ең алғашқы көлігі болатын.
1984 жылы жүргізуші куәлігін алып, көлікті тізгіндей бастайды. Аталмыш көлік кейуанаға 7 жыл көлемінде қызмет еткен көрінеді. Машиналарға әуестене бастаған әжей осы күнге дейін ВАЗ 2101, ВАЗ 2106, ВАЗ 2106, ВАЗ 2107, Audi 80, Audi B4, Volkswagen Passat сынды бірнеше маркалы автокөліктерді ауыстырып, мінген.
70-ті алқымдап қалған әжейдің қазіргі темір тұлпары - Toyota Camry автокөлігі. Кейуананың айтуынша, аталған көліктердің барлығын қолдан сатып алған екен. Олардың ішінде өзіне ең қатты ұнайтыны да қазіргі тұлпары - Toyota Camry. Себебі салоны жылы, жүрісі жайлы көрінеді.
Әжей мінген көліктерін есіне түсіре отырып, сол кездерде болған есте қаларлық оқиғаларының бірін де баяндады.
«Нақты қай кез екенін білмеймін, Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтың жары Орындыбике Бигелдинованы Мақаншыға нағашыларына ас беруге апарып келдім. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев болған кезде арнайы сыйлықпен марапаттап, аудан әкімі Әнуарбек Мұхтарханов мақтау грамотасын табыс етті. Отыз екі жыл көлік жүргізіп, тек бір рет дөңгелегін өзім ауыстырдым, оның өзінде көлік ішінде әйелдер болған. Басқа уақытта дөңгелек ауыстырып жатқанда көбісі жүгіріп келіп көмектесіп жатады», - дейді Оразхан апа.
Кейуана осы уақыт аралығында көлік апатына ұшырап, не болмаса айыппұл төлеп, қандай да бір жол ережесін бұзып көрмегенін айтады. Сол үшін Жаратушыға ризашылығын білдіреді. Әжей алыс жолға шығарда міндетті түрде автокөлігін күрделі жөндеуден өткізеді екен. Өйткені, Оразхан әжейге маңыздысы – жолаушылардың амандығы. Әжей өз өңірінен басқа да алыс жолдарға сапарға шығып тұрады. Шымкент, Тараз, Семей, Талдықорған олардың бір бөлігі ғана.
Отыз жыл бес уақыт намазын тастамаған әжей биыл 13 қазанда Меккеге барып, қажылық парызын да өтеп келген.
"Бастысы аман-есен барып, қайтқаныма шексіз ризамын. Еліме оралғанда жанұям, ауданымыздың бас имамы Думан Надирұлы бастаған мешіт қызметкерлері мен аудан халқы салтанатты түрде қарсы алды. Қаншама халық үйге келіп зәмзәм суын ішіп, құран оқып тарасты. Бұл да жақсы адамдардың бар екені", - дейді Оразхан апа.
Халықтың ықыласына бөленген әже қолынан келгенінше мешітке көмектесіп тұрады. Сүйікті ісі – еңбек ету. Немерелеріне әрқашан қолдау көрсетіп, ақсақалының асын дайындап, күнделікті көлік жүргізіп, адал еңбек етіп, замандастарына үлгі болуда.
Бүгін де жұмыстың қамымен жүрген Оразхан апа: «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев таяудағы жолдауында ерінбей еңбек етіп, талмай білім қуған, жалықпай техника игерген адамдар жақсылыққа жетеді деп айтқан. Міне, ерінбей еңбек етіп, жалықпай техника игерудеміз", - деп сөзін түйіндеді.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/991595-zhetpiske-tayaghan-shaghynda-kolik-tizgin/