Алматылық полицейлер ұялы телефон ұрлығын азайтудың тың тәсілін тапты
Опубликовано:
Бұдан былай қолды болған смартфондарды түгел бұғаттап тастамақ. Яғни телефоныңызды жоғалтып немесе ұрлатып алсаңыз тәртіп сақшыларына арыз жазып, оны уақытша өшіріп қоюға болады екен деп хабарлайды КТК арнасы.
Бұл телефон ұрлығын тыюдың ең тиімді жолы деген сенімде полицейлер.
Телефонын жоғалтып жер сипап қалғандардың бірі Рашит Ілиясов. Жас жігіт смартфонын көліктің артқы орындығында қалдырып кетіпті. Бірақ іле шала іздегенімен таппаған. Қанша қоңырау шалсам да телефонымды алған адам тұтқаны көтермеді - дейді.
"Арыз жазғым келген. Бірақ маған телефоныңды ешкім ұрлаған жоқ, өзің жоғалтып алдың. Сондықтан шағымдана алмайтынымды айты", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Рашит Ілиясов.
Алайда бұдан былай жоғалған және ұрланған телефондар бірден бұғатталатын болады. Яғни тәртіп сақшылары ұялы байланыс операторларымен осындай келісімге келіп отыр. Қолды болған телефондар үш күн ішінде IMEI код арқылы өшірілмек. Сондықтан оны ұрлап алушы да сатып алушы да ары қарай қолдана алмайды.
"Ұрланған зат қылмыскерлердің пайдасына жүзеге аспас үшін оларды біз шектеп қоямыз. Яғни ұялы операторға жәбірленушінің арызын тіркеу бойынша, тергеушінің қаулысымен шектейміз. Бұл арыз жәбірленушінің қолына берілмейді өзі апарудың да қажеті жоқ тергеу аясында тергеуші өзі тапсырады", - дейді Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Алайда байланыс операторлары ұрланған телефондарды бұғаттаудан бас тартуы да мүмкін екен. Яғни телефон нөмірі өз атыңызға тіркелмеген жағдайда немесе құжаттары болмаса шектеу қоюға мүмкіндік жоқ.
"Егер телефон бұғатталса оның IMEI кодын бұзып, смартфонды ашу мүлде мүмкін емес. Техникалық тұрғыдан қорғалған. Мұндай жағдайда ұрланған телефондарды тек қосалқы бөлшек ретінде пайдалануға болады", - дейді ұялы байланыс операторының өкілі Олжас Бибанов.
Блокталған телефондар тек бір жылдан кейін қайта іске қосылуы мүмкін. Алайда телефон тез табылып жатса оны ертерек бұғаттан шығарып алуға мүмкіндік бар. Қымбат гаджеттер қазір сұғанақтардың оңай олжасына айналған. Себебі Алматыда әлі күнге телефон ұрлығы тыйылмай тұр екен. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, қаладағы ұрлық-қарлықтың 60 пайызын дәл осы телефон ұрлығы құрайды. Сондықтан сақшылар жаңа жоба жүзеге асса бұл көрсеткішті 25 пайызға дейін қысқартуға болады дейді. Демек бұдан былай бұғатталған телефондар қажетсіз бұйым болып қала бермек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/993711-almatylyq-policeyler-uyaly-telefon-ur/