RU

Әйгілі моңғол балуаны қазақ баласын сумо спортына баулитын болды (фото)

Сумо спортында алғаш рет қазақ баласының есімі пайда болмақ. Ерсін Балтағұл жанкүйерлер мен сумошылар назарын өзіне аударды деп хабарлайды Аламан порталы.

Ерсіннің әкесі Мүслім Балтағұлұлы ұлының спорттың бұл түріне қалай қадам басқанын айтып берді.

"Бұған себепкер Астанадағы бауырымыз – Омаров Ұлан деген жігіт болатын. Сол бауырымыз бізге телефон соғып,  моңғол батырының Қазақстанға келгені жайлы айтып, ұлыңды көрсетіп көрейік деген ұсыныс жасады. Біз келістік. Сырымбек Тау деген  Асашориюдің досы, осы жігітке Ерсіннің суреттерін жіберіп, хабарын бердік. Ол кісі Алматыға келді дегенді естіп, біз Асашорию жатқан қонақ үйге бардық. Сол жерде, моңғол батыры Ерсіннің киімін шешіп, аяғын, санын, балтырына дейін ұстап көріп, бірден ұнағанын айтты. Егер рұқсат етсеңіз ұлыңызды қазір-ақ алып кетейін деп те ниетін білдірді. Бірден келістік. Бір жағынан бұл күтпеген жағдай. Біз Асашориюдай данқты балуанмен кездеспеген де едік. Ол кісінің ұнатқанын көргенде ауызымыз ашылды да қалды(күлді). Бірақ ол жаққа кету үшін қазір мемлекет аралық құжаттар, виза жасалуда. Ерсін ол жақта бірінші орта мектепте бір тоқсан оқуын оқиды. Себебі біздің жақ пен ол жақтың оқу айырмашылығын салыстырған кезде 44 балл жетпей қалыпты. Соның орнын толтыру үшін де жапон жерінде орта мектепте бір тоқсан оқиды. Одан кейін Нихон университетінің, «сумо» бөліміне түседі. Сол жерде сумоның мәдениетін, жалпы ережесін үйренбек. Түске дейін дәріс тыңдап, түстен кейін жаттығулары болады. Естуімізше кей жаттығу күндері таңнан кешке дейін күрестіреді деседі. Енді құжаттарымен еш қиындық тумаса наурыз айында ұлымызды жапон еліне жібереміз", — дейді әкесі.

18 жастағы батыр бала Жапонияға аттануға тас-түйін дайын отыр. Оның есімі –  Ерсін Балтағұл.

— Осыған дейін сумоға деген ниетіңіз болып пе еді? Не болмаса сумо күресіне шығамын деген ой болып па еді?

— Жоқ, бұл күтпеген жағдай болды. Мен негізі дзюдо, қазақша күрес сияқты спорт түрлерімен айналысатынмын. Мақсатым әлем чемпионаты, кейін Олимпиада чемпионы болу болатын. Қателеспесем, 2015 жылы қаңтар айында ағам хабарласты. Асашори деген кісі қазір Астанада жүр деді. Сол кісіге суретімізді жібердік. Кейін Алматыға келгенінде әкем екеуміз барып жолықтық. Толқу да болды. Не дегенмен «моңғолдың ұлы батыры» деп те атайды ол кісіні. Барған кезімде киімімді шешіп көрді, табаныма дейін тексерді. Сол жерде алысып та көрдік. Бірден ұнатты. Соны айтқаннан кейін отырып, телефонын ақтара бастады. Фотосын тауып алғаннан кейін маған көрсетіп, сен менің жас кезіме қатты ұқсайсың деп, алып кетуге ыңғайлады. Әкемнен рұқсат сұрады. Әкем келісті. Ер мойында қыл арқан шірімес деген. Елдің атынан барғаннан соң да ел намысын қорғап қайтуға тырысамыз.

 - Енді осындай даңқты балуан сені өзінің қамқорлығына алғаннан кейін де, сол кісінің орынын басып, сол балуаннан асып кетуге мақсат қойдыңыз ба?

- Иә, әрине. Жауапкершілікті түсініп жатырмын. Ол кісінің үстінгі, не болмаса астынғы сатысында тұрғым келеді. Ол кісі өзі кездескен кезімізде маған: «Енді сен менің інімсің, енді сені «інім» деп атаймын. Мен сенен қазақтың ұлы батыры қылып шығарамын»,- деген болатын. Сондықтан енді көреміз. Әлі күреске шығуым үшін бір-екі жыл уақыт керек. Жапон еліне барып сумоны зерттеуім керек, жаттығулар жасауым керек. Сондықтан соған дайындалып жатырмын. Қазақ елін жерге қаратпауға тырысамын. Қазақ жігіттері қашан да намысты қолдан бермейді ғой,- деп қайырды «алтын бала».

 - Сумошыларының салмақ дәрежелері үлкен болатындығын білеміз, сол жағдай қандай мүмкіндіктер береді?

- Иә, әрине, мен өзіммен жасты балаларды көрдім. Олардың салмағы 110-120 кг басталады екен. Меніңше Асашорию мені өзіне ұқсатқандығы, менің балтырым мықты болғандықтан ғана емес, бойым мен салмақ дәрежемнің де Асашорию балуанның салмағына сай келетіндігінен де болар. Және мен Асашориюдың мені таңдағанына қуаныштымын.

Сумо күресіне шет елдік азаматтардың бақ сынауы өте қиын һәм мүмкіндік аз. Ал жапон жерінде, самурайлар тарихындағы ең егде спорт түрінен қазақ азаматы күресетіні біздің ел  мақтана алатын сүбелі оқиға. Нихон университетіне қазақ баласы түсуі, Барселона футбол мектебіне қабылдануымен пара-пар.

Сумо бөліміне өте аз балуан қабылданады. Яғни бұл жерде тек дүр таланттардың ортасы қалыптасқан. Асашориюдың өзі келіп, тұлпар баптағандай санын, белін, аяғына дейін ұстап, одан өзінің жас кезін көріп, ұлы балуан шығатынына сенім білдіруінің өзі ұлы жетістік десек болар.

Моңғол балуанының талант тани білуімен де түсіндірсек болады. Асашорю дегеніміз жапон тілінен – «таңғы көк айдаһар» деп аударылады екен. Сондықтан да оны «көк айдаһар» деп атап кеткен болатын. Сумо спортынан Асашорию кеткеннен кейін оның орыны ойсырап тұрғандай. Енді біраз жылдардан кейін сол «көк айдаһардың» орынын қазақ даласынан, алаш елінің «көк бөрісі» басатынына сенімдіміз һәм үміттіміз.

Сұхбат авторы - Абзал Сүлеймен

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1045308-aygili-monhghol-baluany-qazaq-balasyn-s/