RU

Отандық телеарналар Головкиннің жекпе-жегін көрсетпеуі мүмкін

Сәуір айының 23-і күні өтетін WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (34-0, 31 КО) мен америкалық Доминик Уэйд (18-0, 12 КО) арасындағы жекпе-жекті отандық телеарналар көрсетпеуі мүмкін.

Бұл туралы Vesti.kz-ке сілтеме жасап baq.kz хабарлайды.

Қазақстандық бокс жанкүйерлерінің көптен күтіп жүрген кездесуіне үш апта қалды. Бірақ бірде-бір отандық телеарна бұл кездесуді көрсетуге рұқсат алмаған. Бұған дейін отандасымыздың жекпе-жегін көрсетіп келген «Қазақстан» телеарадио корпорациясы әзірге трансляция туралы пікір бермеді. Аталған корпорацияның баспасөз қызметіндегілер трансляция туралы ешқандай жаңалық жоқ екенін айтты.

Тағы бір мемлекеттік телеарна «Хабар» агенттігінің спорттық продюсері Асхат Жақаев сәуір айындағы кездесуді көрсетуге мүмкіндік жоқ дейді.

«Бізде Головкиннің жекпе-жектерін көрсету қызығушылық жоғары. Бірақ әзірге ешқандай келісіміз жоқ. Біз GGG Media командасымен байланыс орнатып жатыр. Алайда сәуірдегі кездесуді көрсете алмайтынымыз анық. Дегенмен ондай мүмкіндік туындап жатса, Генаның жекпе-жектерін көрсетуге әрдайын дайынбыз», – дейді Асхат Жақаев.

Айта кетейік, кездесу Лос-Анджелестегі «Форум» спорт кешенінде өтеді. Геннадий үшін үшін бұл WBA титулын 16-шы, IBO титулын 13-ші, WBC (Interim) титулын төртінші және IBF титулын бірінші рет қорғауы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1091042-otandyq-telearnalar-golovkinninh-kez/