Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Олимпиадаға қытайлықтарды дайындайтын қазақ бапкері Қытайды не үшін бағалайтынын айтты

Опубликовано:

Грек-рим күресінен Қытай құрамасын жаттықтырып жүрген Әлнұр Төргеұлы "Қамшы" порталына сұхбат берді. 2004 жылғы Афины Олимпиадасына Қытай атынан қатысқан балуан бүгінде сол жақтың спортшыларын тәрбиелеп жүр.

«Арғы аталарымыз палуан тұлғалы кесек кісілер болыпты. Әкеміз де күреске құмар кісі болған. 10-11 жасымнан ауыл арасында ойын-тойларда алаңға шығып, күресіп жүрдік. Ауылдағы Кәдірбек деген ағамыз спортқа, оның ішінде күреске бейімділігімді біліп, ауданда өтетін жарыстарға апарып жүрді. Алғаш қатысқан жарысым әлі есімде. Он екі жастағы кезім. Салмағым 47 келі. Ауданға барсақ жарыс аяқталуға жақын қалыпты. Содан мен жарысқа толық қатыса алмағанмен, сол жерде 15 күндік жаттығуға қалатын болдым. Сөйтіп жүргенде 10-15 күннен соң Текеске жарысқа бардық. Мен сол 47 келі салмақта еркін күрес жарысына қатысатын болдым. Сол жерде 1-орын алып, бір марқайып қалдым. Жаттықтырушыларым үшін де бұл жағымды жаңалық болған еді. Осы жеңісім менің Іле аймақтық спорт мектебіне қабылдануыма, содан кейінгі үлкен жеңістерге жол ашқан оқиға болды», - дейді балуанның өзі.

Іле аймақтық спорт мектебінде жаттығатын Әлнұрға Қазақстанға келіп, спорт мектебінде жаттығу мүмкіндігі бұйырды. 90 жылдардың басында Шыңжаң басшылығы мен Қазақстанның спорт мекемелері арасындағы келісімге сай өлке палуандары Алматыдағы спорт мектебіне келіп жаттығатын жағдай жасалды.

Сөйтіп, алғашқы лекпен 1991 жылы Әлнұр Алматыға, Қажымұқан атындағы спорт мектебіне оқуға келеді. Бастапқы келісім бойынша, қытайлық балуандар бес жыл Алматыда жаттығуы тиіс болады. Соған сай шығындардың біршамасын Қытай үкіметі, бір бөлігін спортшылардың өздері төлейді.

«Алматыға келген беттегі таңданысымда шек болған жоқ. Бұрын тек атын еститін, көреміз деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін Жақсылық Үшкемпіровті, Дәулет Тұрлыхановты көру мүмкіндігіне ие болдық. Бұған дейін еркін күреспен айналысып келген мен бірден өзгердім. Классикалық күрес аталатын грек-рим күресіне ауысатынымды, сол бағытта жаттыққым келетінін айттым. Бұған әлгі ағаларымыздың жеңістері, өнегелі өткені себеп болды», - дейді Әлнұр Төргеұлы.

Әлнұр ол кезде Қазақстанда қарым-қатынас, білім беру тілі ретінде орыс тілінің үстемдік құрып тұрғанын айтады. Өзге тілде сөйлейтін өз қалаңда жүру қанша қиын болғанмен, кейін орысшаны да үйреніп алғанын, қазақша сабақ өткізетін, жаттығуларды қазақ тілінде ұйымдастыратын бапкерлердің де табылғанын айтады. Бес жыл Қазақстанда жаттығуы тиіс Әлнұр Төрге 1994 жылы Қытайға қайтып кетеді. Өйткені, сол жылы грек-рим күресінен жастар арасындағы Қытай біріншілігіне барып, жеңіске жеткен еді. Қазақ балуанының қарым-қабылетін байқаған Шыңжаңның спорт саласын басқарушылар сондай шешімге келеді.

Көп ұзамай 1996 жылы қыркүйек айында Әлнұр Төрге грек-рим күресінен Қытай құрамасына қабылданады. Бірнеше рет Қытай біріншілігін жеңіп алып, Бүкіл қытайлық спартакиадада 2001 жылы 3-орын иеленген Әлнұр Төрге сол жылы Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатына барып, 2-орын алады. Осыдан кейін Әлнұр  түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстардан жұлдесіз қайтқан емес, ал, Қытай ішілік біріншіліктерде өз салмағынан алдына жан салмады. Сөйтіп жүргенде Афины Олимпиадасына дайындық та басталып кетті...

«Мен кілемге шығатын 57 келі салмақта ол кезде 4 мықты палуан болдық. Өзім Афинаға баратынымды 20 күн қалғанда ғана білдім. Алайда, дайындығымыз ерекше жағдайда өтті. Әлгі төртеуіміз бір-бірімізден қалыспай жаттықтық. Мен он шақырым жүгірсем, әлгілер де қалыспай он бес шақырым жүгіріп дегендей (күледі..). Сөйтіп, Алла қалап, Олимпиадаға бару бақыты маған бұйырды», - дейді ол.

«Олимпиада ол спорттық өмірдің шыңы ғой. Онда басқа талаптар, басқа жағдайлар. Афинада алғашқы кездесуімде неміс палуанын 3:1 есебімен жеңіп, екінші кездесуімде ресейлік палуаннан 3:2 есебімен жеңілдім. Өзім біршама өкінгеніммен мұндай ауқымдағы жарысқа алғаш қатысқандықтан жетекшілерім бұған көңіл толмастық танытпады. Әрі қытайішілік іріктеуден өткенімнің өзі бір жеңіс еді»,- дейді Әлнұр. «Олимпиада қарсаңында күрес мектебі қалыптасқан Қазақстанға келіп бірнеше ай жаттығу мүмкіндігі болғанда нәтиже де басқаша болар ма еді?» деген де өкінішін жасырмайды.

Олимпиададан соң Әлнұр Төрге екі жыл күресіп жүріп, кейін бапкерлікке ауысқан. Жаттықтырушы ретінде өзін сынап жүргеніне де биыл он жыл болыпты. Қазір Шыңжаң балуандар командасын баптайды және Қытай құрамасының бапкері болып еңбек етуде.

«Шыңжаң құрамасында қазір 60-тан астам палуан жаттығады. Дені 1994 жылы туған жігіттер. Жастар. Сол себепті олардың әрқайсысының болашағынан зор үміт күтуге болады. Қытайдың Жастар арасындағы біріншіліктерінен, Қытай чемпионатынан, Азия чемпионаттарынан жүлдемен оралып жүрген шәкірттерім бар», - дейді бапкер. Қытай мемлекетінің спортқа, оның ішіндегі бұқаралық спортқа ден қойып отырғанына да назар аудартады бапкер.

«Қытайды білесіздер, өте еңбекқор халық.  Және ісіне адал, қолынан іс келетін адамдарды ешқашан кеудесінен қақпайды, аяғынан шалмайды. Қытай соңғы жылдары өздерінде кенжелеген спорт түрлеріне шетелдерден мамандар тарта бастады. Шеттен ғана емес, өз елдерінің ішінде жүрген талантты мамандарды да назардан тыс қалдырмады. Сол ел ішінен іздеген мамандардың бірі ретінде мені де шақырды. Шақырған соң өз үлесімізді қосуға кірісіп кеттім. Қазір Қытайдың грек-рим күресіне үлес қосып жатқаныма бес жылдан асып барады. Жаман емес, бар білгенімді балуандарға үйретіп жатырмын. Мінеки, нәтижесін өздеріңіз де көрдіңіздер», - дейді ол.

Халықаралық белдесулерге сан қатысқан, өзі де шәкірт тәрбиелеп, түрлі жарыстарға қатысып жүрген бапкер Қазақстан спортшыларының, оның ішінде палуандардың дайындығына зор баға беретінін айтады.

«Халықаралық жарыстарға келгенде бауырларды іш тартып тұрасың. «Кімдер келді екен? Кім қайда орналасты? Дайындықтары қалай екен?» деп алабұртып жүресің. Қазақстан палуандары дене дайындығымен қатар, техникалық тұрғыдан да көш ілгері. Қазақстанда үлкен мектеп қалыптасқан. Спортшылардың жеңіске деген ұмтылысы, биік рухы ерекше таң қалдырады», - деп тәуелсіз ел спортшыларының талай биікті бағындыратынына сенім білдіреді.

Сондай-ақ, Әлнұр Төрге бүгінде ағайындарының біршамасы атамекенге оралғанын, Қазақстанның толыққанды азаматы ретінде ел дамуына үлес қосып жүргенін де айтады. Әлнұр ағамыз жары Шынар Шәпи екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Жары Шынар Шыңжаң телевизиясында қызмет етеді.

Осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктері бірінші Алланың арқасы болса, одан кейін қанда бар палуандық, қазақ рухының көрінісі деп біледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1091862-qytay-baluandaryn-olimpiadagha-apara/