Қазақстандық спортшылардың алты таңбалы жалақысы депутат Тінікеевтің ашуын келтірді
Опубликовано:
Мәжілісмен Мұхтар Тінікеев парламент мәжілісіндегі үкімет сағатында қазақстандық спортты сынға алды деп хабарлайды NUR.KZ порталы BNews.kz сайтына сілтеме жасап.
Мәжілісменнің айтуынша, бір ғана футболшы Андрей Аршавиннің өзі 1 млн доллардан астам жалақы алады. Тінікеев ондай спорттың Қазақстанға еш қажеті жоқтығын айтып, бұл қаражатты балалар спортын дамыту мен спорт алаңдарын ашуға жұмсау керектігін алға тартты.
«Кеше Семейде Қазақстан чемпионаты бітті. 350-ден астам қатысушы тіркелді. Одан кейін Қарағандыда, Шахтинскіде чемпионаттар өткізілді. Бұл іс-шараларға мемлекет тарапынан еш қолдау көрсетілмеді. Ал енді өзге спорт түрлеріне назар аударайықшы», - деп бастады депутат.
«Аршавинге (Андрей Аршавин — "Қайрат" клубында ойнайтын ресейлік футболист) 1 млн доллардан астам жалақы төленеді. Кей легионерлердің жалақысы 30 мың доллар. Бізге мұндай футбол керек пе? Осындай спорттың қанша қажеттілігі бар? Бұл қаражат не себепті балалар спортына, алаңдардың ашылуына жұмсалмайды? Ішінде жалғыз қазақстандық - менеджер Слава Тихоненко болып табылатын әрі қыруар ақшаны қажет ететін баскетболдың бізге не қажеті бар?», - деп қосты Тінікеев.
Депутат «мұзға тек төбелес ашу үшін шығатын» «Барыс» хоккей клубында да дәл сондай жағдай екенін сөз етті.
«12-13 жылғы маусым мәліметтері бойынша, екі хоккейшінің жалақысы бір миллион 300 мың доллардан 1,8 миллион долларға дейін барған. Төрт хоккейші 900 мың доллардан 1,3 миллион долларға дейін алған. Бір адам ғана. Елестетіп көріңізші. Не үшін? Ондай спорт неге керек? Осы үшін жауаптылар қорытынды жасасын», - дейді Тінікеев.
Мәжілісмен футболды елімізде «футболистер емес, облыс әкімдері ойнайтынын» алға тартты. Әр облыс әкімі - футбол федерациясының президенті.
«Хоккей, футболдан жеке Қазақстан чемпионатын ұйымдастырайық та үздіктерін таңдайық. 10 адам жүгіріп жүргеніне, оның ішінде біреуі ғана қазақстандық болғанына қарап отыра бермейік. Біржола тәртіп орнатайық. Республикалық одақ бар, оларға реттеу жүргізу мүмкіндігін берейік», - деп түйді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1104466-qazaqstandyq-sportshylardynh-alty-tanh/