Қанат Ислам өзге елдің алдында Головкинмен жекпе-жекке шықпайтынын мәлімдеді
Опубликовано:
Отандық бокшсы Қанат Ислам өзге елдің алдында Головкинмен жекпе-жекке шықпайтынын өз желі парақшасында мәлімдеді деп хабарлайды NUR.KZ порталы.
"Мен Генаны досым ретінде, чемпион ретінде, ағам ретінде қатты сыйлаймын. Гена көк туды желбіретіп жүрген қазақтың батыры. Гена екеумізді жұдырықтастырғысы келетіндерді мен түсінбеймін. Өкінішке қарай, қазір көп адам жеке бастың мүддесін ойлайды. Біз ұлттық деңгейде ойлансақ қана өзгеге мазақ болмаймыз. Бізге екі қазақтың шетелде бір-бірімен жұдырықтасқаны керек пе? Әлде, шетелде екеуі екі жақтан көк туды желбіретіп жүргені керек пе? Бізге қайсысы қызық? Қайсысы маңызды? Алдымен өзімізге осы сұрақты қойып көрейікші", - дейді боксшы Instagram желісінде.
Қанат Ислам өзін және Головкинді Қытайда ережесіз жекпе-жекте бір-біріне қол көтермеген қазақтармен салыстырды.
"Қытайда ережесіз жекпе-жекте бір-біріне қол көтермеген қазақтарды білесіздер. Біз Гена екеуміз сол жігіттер сияқтымыз. Головкин он жеті миллион қазақстандықтардың алдында “Мен — қазақпын!” дегенін естідіңіздер. Мен Генаны өзімнің бауырым деп есептеймін. Біз қазақпыз. Өзге елдің алдында бір-бірімізді сабамаймыз. Ата-бабамыз “Жақсы сөз жарым ырыс” дейді. Жақсы сөз ол бата. Бата ол дұға. Азаматтықтың ең биік деңгейі қолымен жәрдем беру. Оған шама келмесе, жақсы сөз айтып, демеу болу. Ал, оған да шама келмесе, үндемеу. Ал, азаматтықтың ең төмен деңгейі ол жақсы сөзді қимау, көре алмау. Алла бізді осыдан сақтасын", - деп жалғастырды ол.
Боксшы қазақтар бір-бірін көтермелеуі керек деп санайды.
"Қазақтар бір-бірін көтермелесе ғана, өзгелердің ұлтымызға деген құрметі оянады. Гена екеуіміздің жұдырықтасқанымыздан біз ештеңе ұтпаймыз. Керісінше ұлт ретінде ұтыламыз. Ұлттық деңгеймен ойлап қарасаңыз, әлем алдында масқара боламыз. Кейбіреулер "бұл спорт, бәрі мүмкін, жұдырықтасқанда тұрған не бар" дейтін шығар. Мен спортшыдан бұрын — қазақпын. Маған спорттағы жетістік емес, маған қазақтың әлем алдындағы абыройы мен беделі қымбат", - деп ойымен бөлісті Қанат.
Боксшы өзгелерге өзінен де мықты болуға кеңес берді.
"Гена көк туды көтеріп жүрген біздің серкеміз. Туымыз жығылмасын деп Генаның артында тұрсам да мен үшін үлкен абырой. Көп інілерім маған “Аға, сіз сияқты болғымыз келеді” дейді. Мен оларға “Мен сияқты болмаңдар. Менен де мықты болыңдар” деймін. Бізден де мықтылар шықса біз ұтылмаймыз, керісінше біз ұтамыз. Әлемді мойындатамыз. Тарихта батыр бабаларымыз жастарға білгенін үйретіп, өздерінен де мықты қылып тәрбиелеген. Мен де сол бабаларымыз сияқты, жүрегінде оты бар жастарды қасыма алып, өзімнен де мықты қылып тәрбиелегім келеді", - деп сөзін аяқтады ол.
Еске салсақ, бұған дейін боксшы халық қалайтын болса, Головкинмен рингке шығатынын мәлімдеген болатын.
Тағы да оқыңыз:
Қанат Ислам: Егер халық қаласа, мен Головкинмен рингке шығамын
Қанат Ислам қарсыласын қалай нокаутқа жіберді?
Қанат Исламның қарсыласы жекпе-жектен кейін ауруханаға жеткізілді
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1127672-qanat-islam-ozge-eldinh-aldynda-golovk/