Нағыз қаһарман: Ұлты үшін жанұшырған миллиардер кім?

Опубликовано:

Кеше футболдан кезекті Еуропа чемпионаты мәресіне жетті. Жарыс қожайындары, талай мықтыны қатардан шығарған Франция мен әупірімдеп жүріп плей-офф сынына іліккен Португалия құрамалары финалда кездескен болатын.

Еуропа чемпионаты тарихтарында тұңғыш рет ойынның негізгі уақытында гол соғылған жоқ. Сондай-ақ, тұңғыш рет кәрі құрлықта бұрын-соңды чемпион болмаған команда топ жарды.

Ойынның 109-шы минутында шыққан тегі африкалық саналатын, алайда, 3 жасынан бері Португалияда тұрып келе жатқан Эдер жеңіс голын соқты. Португалия чемпион!

Ал финалға командасын алып шыққан супержұлдыз Криштиану Роналду ойынның 25-ші минутында жарақат алып, стадионнан зембіл үстінде кетуге мәжбүр болды. Осы сәтте көзіне жас алып, жас балаша жылаған шарасыз Роналдудың кейпі бүкіл әлемді шарлаған болатын.

2004 жылы өз жерінде өткен Еуропа чемпионатының финалында гректерден ұтылып, еңкілдеп жылаған Роналду араға 12 жыл салып тағы да көзіне жас алды. Бірақ, Криштианудың "қасіреті" көп ұзамай қуанышқа айналып, оның командасы жеңіске жетті де, Роналду қуаныштан жылай бастады.

Расында, клубтық деңгейдегі барлық атақтарды ұтып алған Роналдуға ұлттық құрама сапындағы жеңіс жетпей тұр еді. Тізесінен ауыр жарақат алса да, ол ойынның қосымша уақыты басталарда алаңға шығып, командаластарын жігерлендіре түсті.

Тіпті, қосымша тайм кезінде бас бапкер Фернанду Сантуштан бетер айғайлап, алаң жиегінде жанын қоярға жер таппады. Ақсаңдап жүрсе де, әрлі-берлі жүгіруден шаршаған жоқ, төрешілердің ескертуіне де құлақ аспады. Осыдан соң, барлық басылымдар Роналдуды бапкерге теңей бастады.

Ал Эдер гол соққанда қуаныштан көз жасын тыймаған Роналду ойынның соңына дейін орнында отыра алмады. Матчтың 117-ші минутында Португалия ойыншысы Гиррейру аяғын баса алмай, алаңнан шығып қалған болатын. Осы сәтте Гиррейруді қолтығынан сүйеп, тезірек ойынға қосуға асыққан да Роналду  еді.

Міне, әлемнің үздік ойыншысы өз мансабында тұңғыш рет Еуропа чемпионы атанды. Чемпионатта аузын айға білеген мықты командалар, даңқты ойыншылар көп болса да, өз тобынан әрең шыққан Португалия чемпион атанды.

Ал осыған дейін қанша рет жеңіске жетсе де,  Роналду дәл осылай мақтанышпен кубок көтерген емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1185651-naghyz-qaharman-ulty-ushin-zhanushyrghan-m/