Түркияда туған қазақ қызы Олимпиадада Қазақстан намысын қорғайды (фото)

Опубликовано:

Рио олимпиадасында таэквондодан қазақ елінің намысын бір ер, екі әйел спортшы қорғайды.  Олар - Руслан Жапаров, Айнұр Есбергенова мен Жансел  Дениз деп жазады Қазақпарат.

Естеріңізге сала кетейік, Жамбыл облысының тумасы 20 жастағы Руслан Жапаров Олимпиадада Қазақстан құрамасының Байрағын ұстап шығады.

Қыздар арасындағы бәсекеде сынға түсетін қызылордалық 18 жастағы Айнұр Есбергенова - жас та болса біраз биіктерді бағындырып үлгерген талантты спортшылардың бірі.

Енді үшінші спортшымыз Жансел Денизге келсек. Бұл спортшының есімі бұрын спорт жанкүйерлеріне аса таныс емес. Себебі, Жансел - Түркияда дүниеге келген қазақ қызы. Ол жат жерде туып өссе де спортты жастайынан жанына серік еткен.

Жансел Дениз 25 жаста (26/08/1991), Түркиядағы қазақ отбасында туған. Ірі жеңістері болмаса да түрлі халықаралық жарыстардың жүлдегері. 2013 жылы Ресейдің Челябинск қаласында өткен Ашық турнирдің жеңімпазы, Еуропа чемпионы. Түркияның сегіз дүркін чемпионы, Austrian Open турнирінің екі мәрте күміс және қола жүлдесін еншілеген, Russian Open жеңімпазы, Dutch Open мен Trelleborg Open жарыстарының қола жүлде иесі, Ukraine Open және Moldova Open турнирлерінің екі мәрте күміс медалін олжалаған.

Ол Олимпиадаға дейін +67, +73 салмақтарда сынға түсіп келген. Жанселді Түркия қазақтары арасындағы Мұстафа Өзтүрік бастаған таэквондо жолын жалғастырушылардың бірі деуге болады. Жансель 2014 жылдың соңында Қазақстан азаматтығын алған. Олимпиадада +67 келі салмақта өнер көрсетеді.

Ол Рио олимпиадасына жолдаманы Филиппин елінің Манила қаласында өткен Азия құрлығы бойынша іріктеу турнирінде жеңіп алған болатын.

«Алғашқы қатысқалы отырған Олимпиадамда алғаш рет қазақ елінің туын желбіретіп шыққалы отырмын. Өзге елде тусам да, өз елім атынан Олимпиадаға бару мен үшін ең үлкен қуаныш. Ендігі мақсат - ұлт намысын ұятқа қалдырмау. Қазір осы мақсатқа жету үшін барынша тер төгіп жаттығып жатырмын. Арманым Риода жеңіс тұғырынан көрініп, ел үмітін ақтау», - деді Жансел.

Тағы да оқыңыздар:

Әйгілі боксшы Қанат Ислам "Намыс" орденімен марапатталды

Дінтанушы: Түркиядағы төңкеріске Гүленнің қатысы болса, қазақ-түрік лицейлерін жабу керек

Мюнхенде атыс болып, онға жуық адам қаза тапты

Алматыдағы атыстан соң есін жимаған үш полицей жансақтау бөлімінде жатыр

Әсет Исекешов Астананы су басқаны үшін халықтан кешірім сұрады

Ақтөбеде курстас жігіттер бір бойжеткенді жабылып зорлаған

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1199153-turkiyada-tughan-qazaq-qyzy-olimpiadad/