Құрбан шалып, қойдың қанын жаққан "Барыс" қарсыласынан тағы да жеңіліп қалды
Опубликовано:
3 қаңтар күні астаналық «Барыс» өз алаңында Ханты Мансийскінің «Юграсын» қабылдап, тағы да 2:3 есебімен ұтылып қалды деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.

Елордалық «Барыстың» басынан «бағы» тайып, жеңілістен көз аша алмай жүргеніне біршама уақыт өтті. Бұған, әсіресе, сүйікті командаларынан тек жеңіс күтетін жергілікті жанкүйерлер ашулы.
Айтуларынша, қанша қой сойып, құрбандық шалғанмен, «Барыстың» жеңісті күндері жақындайтын емес.
«Бүгін ғана басылым беттерінен Нұртас Адамбайдың «Барыстың» қой сойып, құрбандық шалған әрекеттерін сынап тастағанын оқыдым. Өте орынды. Қой сойып, жеңіске жетеміз десек – жетісіппіз. Құрбандық шаламыз деп, бүкіл елдің алдында ұятқа қалдық.
Бүгінгі ойында команда шашыраңқы ойнады, комбинация жоқ. Әйтпесе, «Югра» сондай мықты қарсылас емес еді. Өткенде «Сочиден» де тура осындай есеппен ұтылды. Шикіліктің бәрі бапкерден деп ойлаймын. Былтыр Корешковтың кезінде өте жинақы, тәуір ойнаған еді. Биыл, білмеймін, не күн туғанын? Әйтеуір, жеңілістен көз ашпай-ақ қойдық», - деп күйінді астаналық тұрғын.
Десе де, ойынды тамашалаушылар арасында «құрбандық шалуды құптап, енді тағы бір қою сою қажеттігін» айтқан жанкүйерлер де табылды.
«Енді, осылай «көзге оғаш» көрінетін тірліктерді қолға алсақ болды, бәрі шулап-шырқырап сынай жөнелетін уақыт болды ғой. Қазақта, құрбандық шалып, Алладан тілеу деген дәстүр бұрыннан бар емес пе? Онда тұрған не бар? Керісінше, оны құптап, тағы бір рет құрбандық шалсақ, артық болмас еді.
Көргендеріңіздей, «Барыстың» ойыны жүрмей жүр. Ойыншылардың арасында өзіміздің қара домалақ қазақ балаларын көргіміз келеді. Дәл осы жағдай футболда да бар. Футбол мен хоккейге қаншама жыл қыруар қаржы бөліп келеміз, нәтижесі мынау. Қой сойылды, «Барыс» жеңілді», - деп өз пікірін білдірді астаналық ақсақал.
Материал ҚР заңнамасымен қорғалған, көшіріп басуға тыйым салынады.
Бізбен бөлісер қызықты әрі маңызды жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1710735-krban-salyp-kojdy-kanyn-zakkan-barys-karsylasynan-tagy-da-zeilip-kaldy/