Алматылық "Қайраттың" Еуропа лигасындағы келесі қарсыласы белгілі болды

Опубликовано:

Қайрат командасы 1
Фото: "Қайрат" ФК

Футболдан Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде босниялық "Железничарды" тізе бүктірген Израильдің "Маккаби Хайфа" командасы екінші турда алматылық "Қайратпен" кездеседі деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Vesti.kz-ке сілтеме жасап.

Айта кетейік, кеше еурокубоктың бірінші іріктеу кезеңі аясында израильдік команда босниялықтарды өз алаңында қабылдап, 3:1 есебімен басым түскен болатын.

Бірінші болып қонақтар есеп ашты. Матчтың 34-минутында Иван Лендрич көзге түсіп, "Железничарды" алға шығарды.

Алайда кейін "Маккаби" ойыншылары қарсылас қақпасына жауапсыз үш гол соғып, командасына жеңіс сыйлады. Гол авторлары – Тьяронн Шери (38-минут), Никита Рукавица (59-минут) және Юваль Ашкенази (66-минут).

Енді іріктеу кезеңінің екінші турында израильдік команда өз алаңында алматылық "Қайратты" қабылдайды. Матч 17 қыркүйек күні Хайфа қаласында өтеді.

Бұған дейін алматылықтардың Еуропа лигасы аясында израильдік клубтармен екі рет кездесіп, екеуінде де сәтсіз өнер көрсеткенін айта кету керек.

Мәселен, 2016/17 маусымда "Қайрат" еурокубоктың екінші іріктеу кезеңінде "Маккаби Тель-Авив" командасына есе жіберсе (жалпы есеп – 2:3), өткен маусымда "Хапоэль Беэр-Шевадан" жеңілген (жалпы есеп – 1:3) еді.

Еске сала кетейік, Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде алматылық "Қайрат" өз алаңында Арменияның "Ноа" командасын қабылдап, 4:1 есебімен ойсырата жеңген болатын.

Сондай-ақ бұған дейін Ұлттар лигасының екінші турында Қазақстан құрамасының өз алаңында Беларусь құрамасына есе жібергенін жазғанбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1873546-almatylyk-kajratty-europa-ligasyndagy-kelesi-karsylasy-belgili-boldy/

jitsu gif