RU

Хабиб Нурмагамедов спорттық мансабын аяқтағанын мәлімдеді (видео)

Хабиб Нурмагомедов мәлімдеме
Хабиб Нурмагомедов. Фото: Getty Images/ Josh Hedges / Contributo

Жеңіліп көрмеген жеңіл салмақтағы UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов Джастин Гэтжимен өткізген жекпе-жегінен кейін спорттық мансабын аяқтағаны туралы мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ресейлік спортшының мәлімдемесі Instagram-дағы UFC Russia парақшасында жарияланды.

"Әкем қайтыс болғаннан кейін өткізіп отырған алғашқы және жалғыз жекпе-жегім. UFC-ден қоңырау шалып, Джастинмен кездесуді ұсынғанда үш күн бойы анаммен сөйлестім. Ол әкемсіз октагонға шыққанымды қаламады. Бірақ мен соңғы рет жекпе-жекке шығамын деп уәде бердім. Енді сөзімде тұруға тиіспін. Бұл менің соңғы жекпе-жегім", – деп мәлімдеді чемпион.

Бұдан кейін Хабиб UFC басшылығына жүгініп, осы жеңістен кейін өзін P4P рейтингінде бірінші орынға қоюын сұрады. Ол UFC-де 13, жалпы MMA-да 29 жекпе-жек өткізгенін еске салды.

"Мен оған лайықпын, бірде-бір рет жеңілмей, 29 жекпе-жекте жеңімпаз атандым", – деді спортшы.

UFC чемпионы осындай жетістікке жеткеніне әлі де сене алмайтынын алға тартты.

"Мен таулы ауылдан шыққан қарапайым баламын. Бауырым Google сұрауы бойынша менің әлемде ең көп талқыланатын адам екенімді айтты. Мен сенбедім. Жай ғана әкеммен бірге чемпион болғым келді. Мойныма осыншама жүк артылатыны ойыма да кірмепті", – деді ол.

Нурмагамедов алдағы уақытта анасының жанында болуға ниетті екенін жеткізді.

"Егер ата-анаңыз болса, солардың жанында болыңыздар. Менің анам ғана қалды, енді оған көп уақыт бөлгім келеді", – деді спортшы.

Еске сала кетейік, Әбу-Дабидегі UFC 254 турнирінің басты жекпе-жегінде ресейлік Хабиб Нурмагамедов америкалық Джастин Гэтжиді жеңген болатын.

Бес раундқа жоспарланған жекпе-жек екінші раундта аяқталды. Ресейлік спортшы қарсыласын "үшбұрыш" әдісімен қылқындырып жеңді.

Сондай-ақ аталған турнирде отандасымыз Шавкат Рахмонов бразилиялық Алекс Оливейраны бірінші раундта жеңген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1881337-habib-nurmagamedov-sporttyk-mansabyn-aaktaganyn-mlimdedi-video/