RU

Бауыржан Исламханның ағзасынан тыйым салынған препарат табылды

Бауыржан Исламхан
Фото: Қазақстан футбол федерациясы

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бірнеше негізгі ойыншысы алдағы матчтарға қатыса алмайды деп хабарлайды ҚФФ ресми сайты.

Атап айтқанда, жарақатына байланысты жартылай қорғаушылар Бактиёр Зайнутдинов, Серікжан Мужиков, Думан Нәрзілдаев, сонымен қатар орталық қорғаушы Сергей Малый әзірге ұлттық құраманың лагерінде жоқ.

Денсаулықтарына байланысты алдағы ойындарға қорғаушы Темірлан Ерланов пен жартылай қорғаушы Асхат Тағыберген де қатыспауы мүмкін.

ҚФФ мәліметінше, Қазақстан құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан да көмекке келе алмайды. Азия Чемпиондар Лигасының ойынына байланысты футболшы тапсырған допинг-сынамадан кейін оның ағзасынан тыйым салынған препарат табылған. Ол уақытша ресми ойындардан шеттетілген.

Сондай-ақ беларусьтық "Руха" командасының жартылай қорғаушысы Владислав Васильев та әзірге ұлттық құрама сапында жоқ. Белгілі болғандай футболшының COVID-19-ға тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткен.

Аталмыш ойыншыларды алмастыру үшін қосалқы тізімнен орталық алаңда ойнайтын жартылай қорғаушылар Аслан Дарабаев пен Юрий Перцух, сонымен қатар шабуылшы Тоқтар Жаңғылышбай шақырылған.

Айта кетейік, бұған дейін киевтік "Динамоның" алты ойыншысы "Барселонаға" қарсы өтетін Чемпиондар лигасындағы матч алдында коронавирус жұқтырып алғанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ италиялық "Ювентус" футбол клубының шабуылшысы Криштиану Роналдудан да коронавирус анықталған болатын. Футболшы кейін COVID-19-ды жеңіп шыққанын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1883836-bauyrzan-islamhanny-agzasynan-tyjym-salyngan-preparat-tabyldy/