RU

Ұлттар лигасы: Алматыдағы матчта Қазақстан құрамасы Литвадан жеңіліп қалды

Футбол
Фото: ҚФФ

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар Лигасының топтық кезеңіндегі шешуші матчта Литвадан жеңіліп қалды. Ойын Алматы қаласында өткен.

Алаң иелері қонақтардан 1: 2 есебімен жеңілді деп хабарлайды Sports.kz.

Шешуші гол ойынның 94-минутында соғылды. Ойынның басында қонақтар белсенділік танытқанымен, қазақстандықтар бірінші болып гол соқты. Есепті Абат Айымбетов 38-минутта ашты. Футболшы қақпаға голды баспен соққы жасау арқылы кіргізді.

2 минуттан кейін литвалық футболшылар есепті теңестірді. Модест Воробьев қазақстандықтардың қақпасына гол соқты.

Үзілістен кейін (ойынның 50-минутында) 2 сары қағаз алған Исламбек Қуат алаңнан қуылды. 94-минутта Арвидас Новиковас қазақстандықтардың қақпасына екінші голды соғып, есепті қорытындылады.

Осылайша, Қазақстан топтағы соңғы орынға ие болды. Енді отандық футболшылар С лигасында басқа топтардан жеңілгендердің бірімен ойнайды.

Еске салайық, бірнеше күн бұрын Қазақстан Тиранада Албания құрамасынан жеңілген еді. Жеңіліске қарамастан, қазақстандық футболшылар спорт сүйер қауымды таңқалдырды. Айбол Әбікеннің голы 2020 жылғы ең үздіктердің бірі атанды.

Одан бөлек, Бауыржан Исламхан допинг дауына қатысты пікір білдірген еді. Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) бас хатшысы Азамат Айтқожин құрама капитаны Бауыржан Исламханмен допинг дауына қатысты сөйлескенін айтты.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/1885393-almatyda-tken-lttar-ligasy-matcynda-kazakstan-kramasy-litvadan-zeilip-kaldy/