RU

Допинг дауына ілінген Бауыржан Исламхан клубсыз қалды

Бауыржан Исламхан
Бауыржан Исламхан. Фото: sports.kz

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан клубсыз қалды деп хабарлайды UAE Sports news басылымы.

"Аль-Айн" клубы Исламханмен допинг дауынан кейін келісімшартын бұзды. Келісімшарт 2023 жылдың шілдесіне дейін жасалынған", — делінген хабарламада.

Біріккен Араб Әмірліктерінің чемпионатында өнер көрсететін клуб футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының капитанымен келісімшартты шілде айының соңында ұзартқанын ресми түрде мәлімдеген еді.

Еске салсақ, бұған дейін Бауыржан Исламханның ағзасынан тыйым салынған препарат табылғанын хабарлаған болатынбыз. Азия Чемпиондар Лигасының ойынына байланысты футболшы тапсырған допинг-сынама осындай нәтиже көрсеткен.

Кейінірек Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) бас хатшысы Азамат Айтқожин құрама капитаны Бауыржан Исламханмен допинг дауына қатысты сөйлескенін айтты.

"Мен ұлттық құраманың капитаны Бауыржан Исламханмен телефон арқылы сөйлестім. Ол клуб дәрігерінің нұсқауларын толықтай орындағанына сендірді. Сондай-ақ Бауыржан кез келген тексеруден және қажетті сараптамалардан өтуге дайын. Қазақстан футбол федерациясы болған жағдайды түсіндіру туралы клубқа ресми хат жолдады. Бұл жағдай ойыншының пайдасына шешіледі деп үміттенеміз. Федерация өз кезегінде Исламханды толығымен қолдайды және қажетті көмек көрсетуге дайын", - деп жазды Азамат Айтқожин.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/1885554-doping-dauyna-ilingen-bauyrzan-islamhan-klubsyz-kaldy/