RU

Данияр Елеусінов титулдық жекпе-жек алдында мәлімдеме жасады

Данияр Елеусінов
Фото: yeleussinovdaniyar

Боксшы Данияр Елеусінов намибиялық бұрынғы әлем чемпионы Джулиус Индонгомен жекпе-жек алдында салмақ өлшеп, көз атыстырды деп хабарлайды Sports.kz.

Осыған дейін қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусіновтің 28 қарашада намибиялық боксшы Джулиус Индонгомен жекпе-жекке шығатынын жазған едік.

Бұл жолы Данияр Елеусінов шаршы алаңда Намибия боксшысымен кездеспек. Индонго - жартылай орта салмақтағы WBA Super, IBF және IBO нұсқалары бойынша бұрынғы әлем чемпионы.

Былғары қолғап шеберлері БАҚ құралдарының алдында салмақ өлшеп, көз атыстырғаннан кейін отандасымыз DAZN Boxing порталына алдағы жоспары жайында айтып берді.

Данияр қарсыласы "айқас оңай болады, Елеусіновті қиналмай ұтамын" деген сөзі үшін жауап беретінін жеткізді.

"Маған бәрібір, бұл мен үшін маңызды емес. Өйткені, мен рингке тек жеңу үшін шығамын. Рингке шыққан соң Индонго іс жүзінде жаңағы сөзіне жауап беруге тиіс. Бұл оған оңайға соқпайтыны анық, ал маған түк емес", - деді спортшы.

Сонымен қатар, спортшы бұл кездесу мансабындағы күрделі жекпе-жектің бірі болса да, өзіне сенімді екенін атап өтті.

"Мен өзіме сенімдімін, керемет сезімдемін. Мен бұған дайынмын", - деді Елеусінов.

Еске сала кетесек, Данияр Елеусінов соңғы жекпе-жегін 2019 жылы желтоқсан айында америкалық боксшы Алан Санческе қарсы өткізіп, оны нокаутқа түсірген еді.

Ал таяуда "Панда" лақап атымен танылған тағы бір отандасымыз кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіне қол жеткізді. Серік Мұсаділов мексикалық қарсыласы Даниэль Нахерді нокаутпен жеңген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1886752-daniar-eleusinov-tituldyk-zekpe-zek-aldynda-mlimdeme-zasady/