RU

20 жастағы қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің рекордын жаңартты (видео)

Артем Антропов
Артем Антропов. Фото:: instagram.com/artyom.antropov

20 жастағы қазақстандық ауыр атлет Артем Антропов серпе көтеруден Қазақстан рекордын жаңартты. Бұған дейінгі рекорд белгілі зілтемірші Илья Ильинге тиесілі болған еді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Қазақстанның ауыр атлетика федерациясына сілтеме жасап.

"102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Артем Антропов 216 келіні көтеріп, серпе көтеруден Қазақстан рекордын жаңартты. Бұған дейін серпе көтеруден Илья Ильин үздік болатын. Оның нәтижесі 208 келі", - делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, 21-28 қараша аралығында елімізде ауыр атлетикадан жекелеген жаттығулар бойынша ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан біріншілігі өтті. Жарыстың жетінші күнінде 102, 109 келіге дейін және 109 келіден жоғары салмақты сынға түскен ауыр атлеттер арасында үздіктер анықталды.

Мәселен 102 келіге дейін Қарағандының намысын қорғаған Артем Антропов 373 келіні (157+216) бағындырып, үздік деп танылса, екінші орын қызылордалық Рахат Бекболатқа 305 келі (135+170), үшінші орын тағы бір қарағандылық Алексей Литовченко 257 келі (115+142) бұйырды.

Еске сала кетейік, 28 қарашада танымал отандасымыз Данияр Елеусінов шаршы алаңға көтеріліп, бұрынғы әлем чемпионы Джулиус Индонгоны нокаутпен жеңді.

Осылайша ол кәсіпқой бокстағы 10-жеңісіне қол жеткізіп, өзінің алғашқы чемпиондық белбеуіне ие болды. Елеусінов IBF Intercontinental титулын иеленді.

Сонымен қатар жарақат алған қарсыласын кілемнен көтеріп шығарған балуанның әрекетіне ел сүйсінгенін жазған едік.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/1886997-20-zastagy-kazakstandyk-auyr-atlet-ila-ilinni-rekordyn-zaartty-video/