RU

"Вакцина міндетті емес": Шетелдіктерге Токио Олимпиадасына бару үшін қандай талап қойылады

Токио-2020 эмблемасы
Көрнекі фото: Getty Images

Шетелдік жанкүйерлер Токио-2020 олимпиадалық және паралимпиадалық ойындарына міндетті екпесіз мен карантинсіз қатыса алады деп хабарлайды Zakon.kz.

Nikkei Business Daily басылымының хабарлауынша, дегенмен жанкүйерлерде Жапонияға кірген кезде коронавирусқа тапсырған тестінің теріс нәтижесі көрсетілген анықтама болу керек.

Оған қоса телефонға коронавирусты бақылау бағдарламасын жүктеп алу қажет. Сондай-ақ туристерге қоғамдық көлікті пайдалануға шектеу қойылмайды.

Токио-2020 ұйымдастыру комитетінің атқарушы директоры Тоширо Муто жанкүйерлер үшін қауіпсіздік шаралары 2021 жылдың көктеміне дейін әзірленетінін айта кетті.

Қауіпсіздік шараларына мыналар кіреді деп жоспарлануда:

  • - Міндетті түрде бетперде тағу;
  • - Әлеуметтік арақашықтықты сақтау;
  • - Денсаулық жағдайын тексеруге арналған бағдарлама;
  • - Медициналық сақтандыру;
  • - Туристерге арналған эксклюзивті медициналық орталықтар.

Сонымен қатар медициналық сақтандыру міндетті талап болады деген болжам бар. Себебі Жапониядағы ауруханалар ауру жұқтырған шетелдік туристерді емдегені үшін кеткен шығынды осы сақтандыру арқылы жабуды көздеп отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах пен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ биыл Токиода 2020 жылы өтеді деп жоспарланған жазғы Олимпиада ойындарын пандемияға байланысты кейінге қалдыру туралы шешім қабылдаған еді.

Кейін Халықаралық Олимпиада комитетінің вице-президенті Джон Коутс Олимпиада ойындары 2021 жылы қалай да өтетінін мәлімдеген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1887675-vakcina-kazet-emes-seteldikterge-tokio-olimpiadasyna-baru-sin-kandaj-talap-kojylady/