Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Күрестен Қырғызстанның сегіз дүркін чемпионы атанған қандасымыз туралы не білеміз

Опубликовано:

Фото
Фото: United World Wrestling

Күрес жанкүйерлеріне Руслан Царевтың есімі жақсы таныс. Грек-рим күресінен Қырғызстан ұлттық құрамасында өнер көрсететін, қандасымызға қазақстандықтар үнемі ерекше қолдау білдіріп, қолпаштап отырады деп жазады Түркістан басылымы.

Руслан Царев 1991 жылы Тараз қаласында өмірге келген. Оның әкесі - қазақ, ал анасы - орыс ұлтының өкілі.

"Негізі, анам Қырғызстан елінің тумасы. Қазақстанға жұмыс істеймін деп барып, ақырында Тараз қаласында қант зауытында инженер-технолог болып жұмыс істеп жүрген жерінде әкеммен танысқан. Сөйтіп екеуі шаңырақ құрған. Әкемнің аты-жөні – Әлімжан Қоңыразов", - деп сөзін бастады балуан.

Фото
Фото: Руслан Царевтің жеке мұрағаты

Ол кішкентай кезінде ата анасы ажырасып кеткенін жасырмады.

"Екі жаста болғанда ата-анам ажырасып кеткен, сөйтіп анам сыңарым Роман екеуімізді өз тегіне ауыстырып алды. Кейін анам бізді Бішкекке көшіріп әкетті. Тегіміз орысша болғанымен, төлқұжатта ұлтымыз қазақ және әкенің есімі жазылуы тиіс жерде Қоңыразұлы деп жазылып тұр", - дейді Руслан Царев.

Спортшы әкесімен етене араласпағанын, оны соңғы рет 2003 жылы көргенін айтады.

Балуан есейе келе әкесіне деген ренішті ысырып тастап, оны сыңарымен бірге Тараз қаласына іздеп барғысы келген. Алайда сол уақытта әкесінің өмірден өткенін естіпті.

Фото
Фото: Руслан Царевтің жеке мұрағаты

Сонымен қатар Руслан Царев туған қаласына жиі баруға мүмкіндігі бола бермейтінін, алайда анасы Таразға жыл сайын барып тұратынын атап өтті.

"Таразға анам жыл сайын барып тұрады, оның ол жақтағы достарымен байланысы әлі үзілмеген. Ал мен онда соңғы рет 2014 жылы оқу-жаттығу жиынында болдым. Негізі, Таразда, жалпы Қазақстанда достарым көп.

Жалпы, қазақтар мені үнемі қолдап жүреді. Қырғызстанда дүниеге келген қазақ Азиз Исмағамбетов Sajda атты киім брендін шығарады. Мен – сол брендтің амбассадорымын.

Осы тұста айта кетерлік жайт, мен де, сыңарым да ислам дінін ұстанамыз. Қырық жастан асқан соң анам да осы дінді қабылдады.

Фото
Фото: Руслан Царевтің жеке мұрағаты

Жалпы, анамның ұстанымы мынадай: егер отбасыңда екі ұлттың қанынан жаралған бала өсіп жатса, қай дінді ұстанатынын баланың өзі шешеді, оған өз дініңді қабылдауға мәжбүрлемеу керек. Оның үстіне, біз бала кезімізден мұсылмандардың ортасында өстік. Біздің ниетімізді түсінген анам да "Отбасында бір дін болуы керек" деп ол да біздің қатарымызға қосылды. Бүгінде отбасымызда барлығы жақсы, тек руымыздың кім екенін білмейміз. Қазақстанда жүргенде екінің бірі "Өзің қазақ болсаң, сонда сенің руың кім?" деп сұрайды. Сондықтан қай рудан тарайтынымды білгім келіп жүр. Жоғарыда айтқан Азиз досым "Руыңның кім екенін анықтауға көмектесемін" деген еді. Алдағы уақытта біліп қалармын", - дейді спортшы.

Фото
Фото: Руслан Царевтің жеке мұрағаты

Русланның сыңары да өзі сияқты күреспен айналысады.

"Иә, Роман да күрес шебері. Оның бүгінде бала-шағасы бар. Сол себепті отбасын бірінші орынға қойып, күреспен қош айтысты. Ал мен бозкілемде 2024 жылға дейін күреспекшімін, сосын спортпен мен де қоштасамын", - дейді балуан.

Спортшы Қазақстан атынан жарыстарға қатысу туралы ұсыныс болғанын жасырмады.

"2011 жылы Қырғызстан жастар құрамасында өнер көрсетіп жүргенде бір қазақ бапкер Алматыдағы спорт интернатқа ауысып, сонда жаттығу туралы ұсыныс білдірген. Алайда, Фархад есімді бапкеріміз бала кезімізден күрестің қыр-сырын үйретті. Күресу былай тұрсын, тіпті қалай дұрыс сөйлеп, дұрыс жүріп-тұру керек екенін үйретті. Туған баласындай қарап, үстіміздегі шаңды қағып, мәпелеп жүрген кезде басқа бапкердің "Жүріңдер, бізде жаттығыңдар!" дегеніне еріп кетіп қалсақ, адамдығымыздан не қалмақ?!

Басқалары келісуі мүмкін, ал біздің тәрбиеміз, табиғатымыз мұндайға қарсы. Ал егер бала кезімнен бапкердің көмегінсіз, өз бетімше жаттықсам, ауысып кетер едім.

Жалпы, Қырғызстанда да мені ерекше қолдайды. Мен жаттығатын Қырғызстан командасы да әлем бойынша мықты құрамалардың бірі. 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына "классиктерден" қырғыз құрамасынан төрт балуан барды, Қазақстан құрамасы да төрт балуан апарды, ал құрамында Олимпиада, әлем чемпионы бар Корея құрамасы тек үш балуан апарды. Біз әлемнің түрлі елінде өтетін халықаралық жиындарға жиі барамыз, ол жағынан үкімет бізді жақсы жағдаймен қамтамасыз етеді", - дейді Руслан.

Айта кетейік, Руслан Царев Азия біріншілігің бес дүркін жүлдегері. Соның бірінде алтын иеленген. Қандасымыздың бағы жанған жарыс Нұр-Сұлтан қаласында өткен.

Одан бөлек, балуан күрестен Қырғызстанның сегіз дүркін чемпионы.

Еске сала кетсек, осыған дейін Еуропа құрлығында кикбоксингтен өтетін жекпе-жектерде топ жарып, әлем чемпионатында ешкімге дес бермей жүрген қандасымыз туралы жазған едік.

Cонымен қатар, Иранда туған боксшы қандасымыз байрақты бәсекелерде Қазақстан атынан шығуды армандайтынын мәлімдеген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/1888186-kresten-kyrgyzstanny-segiz-drkin-cempiony-atangan-kandasymyz-turaly-ne-bilemiz/

pixel