RU

"Асыға күтемін": Роналду Головкин-Шеремета жекпе-жегіне қатысты жазба жариялады (видео)

Геннадий
Фото: prosports.kz

"Ювентус" футбол клубының шабуылшысы Криштиану Роналду қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің титулды жекпе-жегіне сәттілік тіледі деп жазады Prosports.kz.

Португалиялық футболшы Instagram желісіндегі жеке парақшасында Головкиннің Камил Шереметаға қарсы жекпе-жегін асыға күтіп жүргенін жазды.

"Мен үздік боксшы Геннадий Головкиннен бокс жайлы бірнеше нұсқаулық алдым. Өз ісінің нағыз шебері. Осы жұма күні кешке өтетін оның кезекті жекпе-жегін көруге асықпын", - деп жазды Роналду.

Сондай-ақ ол екі танымал спортшының бірлескен жобасы "Параллель әлем" деректі фильмінен үзіндіні жариялады.

Еске салсақ, Геннадий Головкин – Камил Шеремета жекпе-жегін қазақстандықтар 19 желтоқсан күні таңғы жетіде отандық телеарнадан тамашалай алады.

Британиялық БАҚ Геннадий Головкин мен поляк боксшысы Шереметаның алдағы жекпе-жегіне болжамын назарға ұсынды. Британиялықтар жасаған болжамға сәйкес, Головкин қарсыласын нокаутқа жібереді деп күтілуде.

Сол арада қазақстандық боксшы Геннадий Головкин жекпе-жекті өз отанында өткізу мүмкіндігі жөнінде пікір білдірген еді.

Сонымен қатар, Головкин спорттағы арманын айтқан болатын. Головкиннің сөзінше, ол алдағы кездесуде жеңіске жету үшін барын салмақ. Себебі отандасымыз орта салмақтағы әлем чемпионы атағын жиырма бірінші мәрте қорғайын деп отыр. Бұл осы дивизиондағы рекорд болып саналады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1889804-asyga-ktemin-ronaldu-golovkin-seremeta-zekpe-zegine-katysty-zazba-zarialady-video/