RU

"Допинг қабылдамадым": Екі жылға футболдан шеттілген Бауыржан Исламхан мәлімдеме жасады

Бауыржан Исламхан
Фото: Қазақстан футбол федерациясы

Допинг дауына байланысты футболдан екі жылға шеттетілген Қазақстан құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан ешқашан спорт режимін бұзбағанын айтып, жанкүйерлерден өзін қолдауын өтінді деп хабарлайды Kozhakhmet_inside Telegram арнасы.

Бауыржан Исламханның сөзінше, ол 2020 жылы 18 қыркүйекте Азиялық Чемпиондар лигасының матчынан кейін тапсырған допинг-тест оң нәтиже көрсеткен.

"Менің сынамамда метилгексанамин өте төмен концентрацияда табылды, тек 90 нг/мл, бұл осы затты абайсызда қолдануды анық көрсетеді. Мен спорттық мансабымда ешқашан допинг қолданған емеспін немесе спорттық режимді бұзған емеспін, сондықтан мұның бәрі мен үшін есеңгірететін жағдай болды", - дейді футболшы.

Оның айтуынша, метилгексанаминді көбінесе бодибилдерлер бұлшықет массасын өсіру үшін қолданады. Алайда мұның футболшыларға берер еш пайдасы жоқ.

"Бірақ, өкінішке орай, бұл зат ластанған өнім ретінде спорттық тағамнан жиі табылып жатады. Мен дәл осындай жағдайға тап болғаныма сенімдімін. Мен 11 қыркүйектен бастап, екі аптаға жуық Катарда командамен бірге болдым, онда біз қонақ үйден шыға алмадық және қатаң карантиндік жағдайда тұрдық. Тыйым салынған заттарды айтпағанда, тамақ пен сусын сатып алуға мүмкіндік болмады. Мен тек қонақ үй берген аспен тамақтандым және тек команда дәрігері ұсынған спорттық тағамды пайдаландым", - дейді Бауыржан Исламхан.

Сонымен бірге ол жақында ғана осы жайт бойынша Азия футбол қауымдастығы Тәртіпті бақылау комитетінің шешімін естігенін айтты.

Исламханның сөзінше, 10 сағатқа созылған жиында АФҚ өкілдері спортшыны футболдан төрт жылға шеттетуді талап еткен. Дегенмен төрешілер екі жылға яғни 2020 жылдың 9 қарашасынан бастап футболдан шеттету туралы шешім шығарған.

"Мен өзімнің кінәсыз екенімді дәлелдеуді жалғастырамын және бұл шешімге міндетті түрде шағым түсіремін. Лозанна сотындағы төрешілер менің дәлелдерім мен айғақтарымды тыңдайтынына сенімдімін.

Мен Қазақстанның барлық футбол сүйер қауымынан мені қолдауларыңызды сұраймын, өйткені маған қазір сіздердің қолдауларыңыз бұрынғыдан да көбірек қажет", - дейді Бауыржан Исламхан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1890863-doping-kabyldamadym-eki-zylga-futboldan-settilgen-bauyrzan-islamhan-mlimdeme-zasady/