RU

Жәнібек Әлімханұлы "Канелоны" жекпе-жекке шақырды

Жәнібек Әлімханұлы
Жәнібек Әлімханұлы. Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly

"Қазақ стилі" лақап атымен танымал қазақстандық спортшы Жәнібек Әлімханұлы Сауль Альваресті жекпе-жекке шақырды деп хабарлайды Vesti.kz.

Орта салмақтағы қазақстандық спортшы Жәнібек Әлімханұлы (9-0, 5 КО) кезекті батыл мәлімдеме жасады. Бұл жолы ол екінші орта дивизионда WBA (Super) және WBC чемпионы Сауль "Канело" Альваресті (54-1-2, 36 КО) жекпе-жекке шақырды.

Қазақ боксшы Twitter желісінде мексикалық жұлдызды оңай жеңетінін мәлімдеді.

"Егер "Канелоны" ешкім жеңе алмайды деп ойлсаңыздар, онда қатты қателесесіздер, онда бәріңіз ұйқыдасыздар. Өтінемін, ояныңыздар. Мен оны оңай сабаймын. 2021, QAZAQ STYLE vs MEXICAN STYLE жасайық", – деп жазды Әлімханұлы.

Еске салсақ, Сауль Альварес супер орта салмақтағы чемпиондық белбеулер үшін болған жекпе-жекте қарсыласы Каллум Смитті жеңген болатын.

Бокс кеші Сан-Антониодағы Alamodome стадионында өтті. WBA Super нұсқасы бойынша әлем чемпионы белбеуі, WBC белбеуі және The Ring журналының белбеуі сарапқа салынды. Смит үшін бұл жеңіліс кәсіби мансабындағы алғашқы жеңіліс болды. Альварес кәсіби мансабындағы 54-ші жеңісіне қол жеткізді.

Оған қоса, мексикалық боксшы Сауль Альварес Каллум Смитті жеңгеннен кейін болашақ жоспарларымен бөлісті. Чемпион болашақта отандасымыз Геннадий Головкинмен шаршы алаңда тағы бір мәрте кездесуі мүмкін екенін жоққа шығармады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1890983-znibek-limhanly-kanelony-zekpe-zekke-sakyrdy/