RU

Бүгін Қуат Хамитов шаршы алаңға шығады

Қуат Хамитов
Қуат Хамитов. Фото: ztb.kz

Бүгін Ресейдің Магнитогорск қаласында аралас жекпе-жектен AMC Fight Nights турнирі өтеді деп жазады Prosports.kz.

AMC Fight Nights турнирі аясында қазақстандық жекпе-жек шебері, "Найман" лақап атымен танымал Қуат Хамитов өнер көрсетеді.

32 жастағы отандасымыздың қарсыласы – 22 жастағы ресейлік Алексей Ильенко.

Ильенко – Калининград тумасы, қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы. Қуат Хамитовқа қарсы жекпе-жек ол үшін AMC Fight Night Global лигасындағы алғашқы кездесу саналады.

Қазақстанда Ильенко-Хамитов жекпе-жегі "Хабар" телеарнасында тікелей эфирде көрсетіледі, трансляция Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 23:00-де басталады.

Айта кетейік, Қуат Хамитов соңғы жекпе-жегін 2020 жылдың 25 қыркүйегінде өткізді. Отандасымыз ресейлік қарсыласы Ахмад-Хан Боковты алғашқы раундта жеңді.

Осылайша спортшы кәсіби мансабындағы 19-шы жеңісіне қол жеткізген болатын.

Қуат Хамитов Ресейдегі жеңісін марқұм даңқты спортшы Жақсылық Үшкемпіровке арнады.

Сонымен қатар Хамитовке қатысты сот отырысы кейінге қалдырылғаны белгілі болды.

Себебі ол сот отырысына келмеген.

Алмалы аудандық сотының мәліметінше, ММА файтеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 272 бабының 3-бөлімі бойынша (билік өкіліне бағынбауға шақыру, жаппай құқықбұзушылыққа тарту, арандату, азаматтарға күш қолдануға шақыру) іс қаралып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1895173-kuat-hamitovty-zekpe-zegi-tikelej-efirde-krsetiledi/