RU

Қазақстан құрамасының шабуылшысы ресейлік команданың ойыншысы атанды

Абат Айымбетов
Абат Айымбетов. Фото: kazfootball.kz

Футболдан Қазақстан ұлттық құрама командасының 25 жастағы шабуылшысы Абат Айымбетов ресми түрде Ресейдің футбол командасының сапына ауысты.

Енді отандасымыз самаралық "Крылья Советов" клубының сапында 9 нөмірмен өнер көрсететін болады.

"Абат, қош келдіңіз!", – деп Instagram-дағы "Крылья Советов" ФК баспасөз қызметінің ресми парақшасында қазақстандық ойыншыны қарсы алды.

Басылым Айымбетовтің Самара клубында 9-нөмірде ойнайтынын мәлімдеді.

Sport.kz сайтының хабарлауынша, қазақстандық бұған дейін "Қайрат" пен "Ақтөбе" ФК мүшесі болған. Сол кезде Абат Айымбетов Қазақстан Республикасының чемпионы және республика Суперкубогының иегері атануымен танымал болды.

Атақты шабуылшы Қазақстан құрамасында 12 матч өткізіп, онда екі гол соққан.

Футбол клубының баспасөз қызметі қазақстандықтан басқа Самара командасында қатарында Беларусь елінен 19 жастағы қорғаушы Дмитрий Прищепа ойнайтынын атап өтті. Ол 35 нөмірін алды.

Еске салсақ, қазір көптен күткен Чемпиондар лигасы 1/8 финалдық ойындары өтіп жатыр. Ойындар кестесі бойынша алғашқы кездесулердің нәтижелері анықталған еді.

"Барселона" өз алаңында париждік ПСЖ клубын қабылдап, ірі есеппен ойсырай жеңілді. "Камп Ноу" стадионында өткен тартысты матчта "Барселона" капитаны, әлемнің әйгілі футболшысы Лионель Месси 27-минутта есеп ашты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1900190-qazaqstan-quramasynyn-sabuylsysy-reseilik-komandanyn-oiynsysy-atandy/