RU

Елдос Сметов Ташкентте өткен Grand Slam турнирінің күміс жүлдегері атанды

Елдос Сметов
Фото: Instagram/yeldos60kg

Қазақстандық, әлем чемпионы Елдос Сметов Ташкентте өтіп жатқан Grand Slam турнирінің күміс жүлдегері атанды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Рио олимпиадасында күміспен күптелген Е.Сметов 60 келіде финалда жапониялық, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Рюдзю Нагаямамен татамиге шықты.

Қарсыластар бұған дейін өзара бір рет кездесіп, 2019 жылы әлем біріншілігінде Елдос ұтылып қалған еді.

Дүниежүзілік рейтингте көш бастап келе жатқан жапониялық дзюдошы бұл жолы да ширақ қимылдап, вазари әдісімен жеңіске жетті.

Жарыс барысында Елдос ширек финалда грузиялық Жаба Папинашвилиді қосымша уақытта жеңді. Одан кейін жартылай финалда әзірбайжандық Карамат Хусейновты вазари әдісімен жолдан тайдырды.

Тағы бір қазақстандық Ерлан Серікжанов 66 кг салмақта қола жүлде үшін ресейлік Арам Григорянмен белдеседі. Ол жұбаныш кездесуінде словениялық Матеж Полякты тізе бүктірді.

Айта кетейік, сонымен қатар отандасымыз Василий Левит те Испанияның Кастельон қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирде ел намысын қорғауда. Қазақстандық боксшы француз спортшысы Сейди Купені жеңіп, жартылай финалға шықты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1902236-eldos-smetov-taskentte-otken-grand-slam-turnirinin-kumis-zuldegeri-atandy/