Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әйгілі "Дю Солейде" өнер көрсететін қазақ жігіті туралы не білеміз

Опубликовано:

Фото
Фото: Түркістан

"Дю Солей" циркі (Cirque du Soleil) – әлемдік цирк өнерінде көш бастап тұрған ұжым. Сахнада өнер көрсететін жануарлардан толықтай бас тартқан олар түрлі қойылымдарды қоюға 4 000-нан астам әртісті жұмылдырады. Солардың қатарында бүгінде отандасымыз Ернұр Сыздықов та өнер көрсетіп жүр деп жазады Түркістан басылымы.

Ернұр Сыздықов батутта секіруден Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсеткен. Азия чемпионатының жүлдегері. Ел біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы.

Ол 2014 жылы бапкерлердің әділетсіздігіне шыдамай үлкен спорттан кеткенін айтады. Осыдан кейін Ернұр Қазақ мемлекеттік циркіне жұмысқа тұрған.

"Спорт­тан кетсем де, жаттығу залынан шық­пай, шынығып жүрдім. Сол залда Алматы циркінде жұмыс істейтін жігіттер де жат­ты­ғатын. Олар "Бізбен бірге циркке жүрсеңші" деп ұсыныс айтты, сөйтіп цирк деген жөні "бөлек" әлеммен таныстым. Негізі, циркке жұмысқа тұрамын деп ешқашан ойламаппын. Құрамадан шығып қалған соң, нәпақа табу, ата-анама көмек­тесу үшін фитнес-жаттықтырушы боламын деп жүргенмін.

Алайда циркте жұмыс істеу маған ұнап қалды. Онда мені көп нәрсеге үйретті, әсіре­се алтыбақан арқылы секіруді үйрендім. Бір секіргенде сегіз метрге дейін секіретінмін. Сөйтіп, Алматы циркінде үш жылдай жұ­мыс істеп, кейіннен "Дю Солей" циркінің труппасына қабылдандым", - дейді ол.

Фото
Фото: Түркістан

Ернұрдың айтуынша, "Дю Со­лей" циркінде Гауhар Ахметова атты гимнастшы қазақ қызы да өнер көрсетеді.

"Сол Гауhар мені бұрыннан "Дю Со­лейге" шақыратын. Бірде Алматы циркі­нің құрамымен гастрольдік сапарда жүр­ге­німде Гауhардың айтқандары есіме түсіп, атал­ған циркке атлет болып қабылдануға өзім талпынып көрейін деп шештім.

Сөйтіп, елге келген соң, өзім жасай алатын қиын трюктер топтамасын жинастырып, "Дю Солейдің" Лас-Вегастағы кастинг өткізуге жауапты бөліміне жібердім. Арада екі күн өткен соң, аталған бөлімнің өкілдері хабарласып, өздері ұсынған трюктерді орындап, видеоға түсіріп жіберуімді сұрады. Ақырында олар менің өнерімді бағалап, 2017 жылдың соңында труппаға қабылдады.

"Дю Солей­дің" шоуларына қатыстырмас бұрын, олар мені жарты жыл бойы жаттықтырды. Қанша жерден кәсіби акробат болсам да, мен үйренетін нәрселер көп екен. Сол жар­ты жылдың ішінде әлем билерінің түр-тү­рін меңгердім. Сонымен қатар сахнада бас кейіпкердің рөлін сомдауды және екінші план­дағы атлет болуды үйрендім. Арнайы мамандар базалық грим жасау­дың қыр-сырын үйретті. Сосын шоуға ілінген соң, әр шоуға тән арнайы грим жа­ғу­ды бөлек үйретеді. Түрлі аспапта ойнауға, ән айтуға баулиды.

Кейіннен PPP (Performance Preparation Program) бағдарламасын то­лығымен меңгеріп, цирктегі тәжірибелі атлеттермен тең өнер көрсете алатын қа­білет-қарымыңды көрсеткен соң, тақрыптық шоуларға бөледі", - дейді Ернұр.

Оның сөзінше, қазір "Дю Солей" хо­реографтары әзірлеген 50 шоу әлемнің түк­пір-түкпірінде қойылады. "Дю Солей"-жануарларсыз өнер көрсетуімен әлемге танылған.

Цирктің негізін қалаушылар көрерменді жануарсыз-ақ, адам қолымен жасалатын өнер арқылы, атап айтсақ гим­настшылар мен акробаттардың ше­бер­лігімен жаулап алуға болатынын дәлелдеген. Сол себепті күллі әлем жұртшылығы "Дю Солейдің" еңбегін ерекше бағалайды, цирк атлеттерінің өнеріне тамсана қарайды дейді Ернұр.

"Мұнда тек атлеттерге емес, сонымен қатар сахнаны безендіру жұмыстары, атап айтсақ, декорация, костюм, дыбыс, әртүрлі жарық­тар мен қойылымдық техникаға ерекше мән беріледі.

"Дю Солей" қойылымдарының ба­ғасы қымбат дегенді жиі естиміз, бірақ ол қойы­лымдар сол бағаға тұрарлық. Жарты жыл бойы әзірлеген бір қойылымды көр­сеңіз, денеңіз тітіркеніп, ерекше күйде бо­ла­сыз. Шыққан соң да, алған әсеріңізді ай­тып тауыса алмай жүресіз", - дейді отандасымыз.

Ернұр Сыздықов соң­ғы екі жыл­да "Дю Солей" ұжы­­мымен аргентиналық фут­болшы Лио­нель Месси­дің Messi 10 шоуы­на қаты­сып жүр.

"Лионель Месси әлемдегі нөмірі бірінші футболшы, ал "Дю Солей" нөмірі бірінші цирк болғандықтан, екі тарап Мессидің атынан шоу ұйымдастыруға келіскен. Аталған шоуға жарты жыл бойы тыңғылықты дайындалдық. Месси Барселонада тұратындықтан, 2019 жылғы қазан айында сол қалада шоудың тұсауы кесілді. Онда 60-қа тарта шоу қойған соң, 2020 жылғы қаңтар айында Катар елінің астанасы Доха қаласында өнер көрсеттік. Кейіннен, өзіңіз білетіндей, пандемия басталып кетіп, барлығымыз өз елімізге қайтуға мәжбүр болдық", - дейді ол.

Сөз соңында Ернұр елдегі спорт­тық гимнастика аса көңіл бөлінсе деген тілегін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1902659-aigili-dyu-soleide-oner-korsetetin-qazaq-zigiti-turaly-ne-bilemiz/

pixel