RU

Токио Олимпиадасы шетелдік жанкүйерлерсіз өтетін болды

Олимпиада Токио2021
Фото: Getty Images

Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындары коронавирус індетіне байланысты шетел жанкүйерлерінсіз өтеді деп хабарлайды Азаттық.

Басылымның жазуынша, Олимпиада және Паралимпиада ойындарына билет алып үлгерген халықаралық жанкүйерлерге билет құны қайтарылады. Мұндай жанкүйерлердің саны – 900 мың. Қонақүйге бронь қою секілді қосалқы шығындар өтелмейді.

Сондай-ақ шетелдік еріктілер қызметінен бас тарту және қатысушы елдер делегациясының санын қысқарту жөнінде шешім қабылданған. Ұйымдастырушылар бұл шараға амалсыздан барып отырғанын, атлеттер мен Жапония халқының денсаулығына басымдық беретінін айтады.

Осыған дейін Жапония үкіметі шетелдік көрермендердің болуына қарсы екенін білдірген еді. Қазір эпидемияға байланысты елге кіру талаптары күшейтілген.

Індет басталғалы Жапонияда коронавирус 450 мың адамнан анықталған. Оның 8 мыңнан астамы қайтыс болған. Коронавируспен тіркелген науқастар саны жан басына шаққанда Батыс елдерінің көбіне қарағанда төмен. Елде шектеу шаралары қабылданған.

Токио Олимпиадасының өзі де осы коронавирустың салдарынан бір жылға шегерілген болатын. Төрт жыл сайын келетін спорт ойындары 2020 жылы шілде-тамыз айларында өтуі керек болған.

Айта кетейік, бұған дейін Халықаралық Олимпиада комитетінің вице-президенті Джон Коутс Олимпида ойындарды өткізуге пандемияның кедергі бола алмайтынын мәлімдеген еді.

Ол дүбірлі доданың 2021 жылғы 23 шілдеде басталатынын айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1904384-tokio-olimpiadasy-seteldik-zankuierlersiz-otedi/