RU

Қазақстандық теннисші әйгілі Серена Уильямсты жеңіп, ширек финалға шықты

Теннисші
Фото: prosports.kz

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина әйгілі Серена Уильямсты жеңіп, ширек финалға шықты деп хабарлайды Prosports.kz.

Елена Рыбакина Парижде өтіп жатқан теннистен Францияның ашық чемпионатының ширек финалына өтті.

Рейтингте 22-орынды иеленіп тұрған Рыбакина төртінші айналымда америкалық Серена Уильямсты 6:3, 7:5 есебімен жеңді. Матч 1 сағат 19 минутқа созылды.

Рыбакина төрт эйс жасады. Жеті брейк-пойнттың бесеуін сәтті пайдаланды.

Қазақстандықтың келесі қарсыласы ресейлік Анастасия Павлюченкова болады.

Еске салсақ, бұған дейін қазақтың қос теннисші қызы Мысыр мен Тунистегі турнирде топ жарғанын жазған едік. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы мәлімдеді.

Гөзал Айнитдинова мен Жібек Құламбаева жұптық сында Мысыр мен Тунисте ITF турнирлерінде жеңімпаз атанды.

Айнитдинова беларусьтық Анна Кубаревамен бірге Тунистегі жарыста үздік шықты. Қазақстандық-беларусьтық жұп жартылай финалда ресейлік Дарья Лодикова – бельгиялық Элисса Ван Лангендонкты 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Бұл – Айнитдинованың ITF турнирлеріндегі алтыншы табысы.

Ал Құламбаева румыниялық Оана Гавриламен бірге Мысыр астанасы Каирде жартылай финалда ресейліктер Элина Аванесян – Екатерина Вишневскаяны жолдан тайдырды – 7:6, 6:4. Бұл – Құламбаеваның ITF додаларындағы тоғызыншы титулы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1916330-qazaqstandyq-tennissi-aigili-serena-uilyamsty-zenip-sirek-finalga-syqty/