RU

"Бүкіл әлем білетін болады": Жәнібек Әлімханұлы мәлімдеме жасады

Жәнібек Әлімханұлы
Жәнібек Әлімханұлы. Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly

Орта салмақтағы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы өзінің Лас-Вегасқа келгенін хабарлады деп жазады Sports.kz.

Бұл туралы былғары қолғап шебері Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Лас-Вегаста ол 26 маусым күні орта салмақ санатында WBA Regular бұрынғы әлем чемпионы Роб Брантпен жұдырықтасады.

"Біз Лас-Вегастамыз. Сенбіде Вегаста айтулы жаңалықтар болады және бұл туралы бүкіл әлем білетін болады. Вегаста не болып жатқаны Вегаста қалмауы керек. Мен қазақ стилін көрсетемін", - дейді Жәнібек Әлімханұлы.

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы – Роб Брант жекпе-жегі Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 27 маусым күні 08:00 шамасында басталады.

Еске сала кетсек, Жәнібек Әлімханұлы соңғы рет шаршы алаңға өткен жылы 10 қазанда шықты. Ол аргентиналық қарсыласы Гонсало Корияны екінші раундта нокаутқа түсірді. Соның арқасында боксшы WBO рейтингінің үздік үштігінен көрінді.

Отандасымыз 27 ақпанда Алматыда өтетін бокс кешінде шаршы алаңға шығу керек болған. Алайда боксшы жарақат алып қалды.

"Құрметті жанкүйерлер! Өкінішке орай 27 ақпанда Алматыда өтетін бокс кешінде өнер көрсете алмайтын болдық. Жаттығу барысында Жәнібек жарақат алып қалды.

Құдай қаласа барлығы дұрыс болса, көктемнің соңы жаздың басында QAZAQ STYLE-ды рингтен көретін боласыздар!

Жеңісте қуанған сіздердің қиындықта да қолдайтындарыңызды білеміз! Біз сіздермен бірге әлі әлемді шулатамыз, бұйырса!", - деп жазды боксшының командасы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1919234-bukil-alem-biletin-bolady-zanibek-alimxanuly-malimdeme-zasady/