Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақша таза сөйлейді": Токиода ел намысын қорғайтын шымкенттік Софья Берульцева туралы не білеміз

Опубликовано:

Софья Берульцева
Софья Берульцева: жеке мұрағат

Каратэден Қазақстан командасының мүшесі Софья Берульцева Токиода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды. Талантты спортшы өзінің алғашқы Олимпиадасына жол тартпақ. Отандық каратэшілер арасынан жеңісімен көзге жиі түсетін Софья қазақ тілінде еркін сөйлейтінімен де ерекшеленеді. KAZ.NUR.KZ Софья Берульцева туралы қызықты деректерді назарларыңызға ұсынады.

21 жастағы спортшы Шымкент қаласында дүниеге келген. Ол кішкентайынан каратэге аңсары ауып, осы спорт түрінен толағай табыстарға қол жеткізеді. Ал аталған спорт түрі Олимпиада бағдарламасына енгенде, қуанышында шек болмайды.

«Каратэ спортын Токио Олимпиадасының бағдарламасына енгізгенде қатты қуандық. Себебі, әрбір спортшы үшін Олимпиада биігінен асқан шың жоқ. Оның үстіне, әлемдегі каратэ спортының өкілдері бұл сәтті қанша күтті. Пандемияға байланысты 2020 жылғы Токио Олимпиадасы бір жылға шегерілді. Бұл бір жағынан аздап өкінішті болса, екінші жағынан шеберлігімізді одан әрі шыңдауға мүмкіндік берді», - дейді Софья.

Берульцева каратэден әлемдік деңгейдегі ірі жарыстардың бәрінен дерлік жүлде алған. Әсіресе, Токио Олимпиадасына іріктеу кезеңі саналған Премьер-лига турнирлерінде жиі көзге түсті. Ал Олимпиада жолдамасын Азия құрлығына берілген квота арқылы иеленді.

«Лицензиялық турнирлерде жақсы нәтижемен келе жатқанмын. Алайда, соңғы турнирлерде жолым болмай кетті. Париждегі іріктеу сынында жартылай финалға шыға алмай, Олимпиадаға барамын деген арманым тас-талқан болған. Қуанышқа қарай, Азия аймақтық рейтингте мен өз салмағымда үздік шығып, құрлықтық квотаны иелендім. Енді Олимпиадада ел намысын абыроймен қорғау үшін тынымсыз жаттығудамын», - дейді ол.

Софья Берульцева қазақ тілінде еркін сөйлейді. Ол кішкентайынан қазақ балабақшасына барып, кейін мемлекеттік тілді үйрену үшін репетитор да жалдаған.

«Қазақ тіліне деге ықыласым кішкентай кезімнен оянған шығар. Қазақ балабақшасына барғым келді. Мектеп кезінде қазақша үйрену мен үшін хобби секілді нәрсеге айналды. Кейін анам репетитордың көмегімен үйретуді жөн көріп, тілді одан әрі жетік меңгердім. Үйде менен басқа ешкім қазақ тілін жетік білмейді. Ал мен үшін бұл туған тілімдей болып кеткен. Қазақ достарым өте көп, бәрімен емен-жарқын қазақша сөйлесе беремін», - дейді спортшы.

Токио Олимпиадасында Софья Берульцева 61 келіден жоғары салмақта өнер көрсетеді. Қазақстандық каратэшілер жалпы есебі бес жолдама ұтып алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1919404-qazaqsa-taza-soileidi-tokioda-el-namysyn-qorgaityn-symkenttik-sofya-berulceva-turaly-ne-bilemiz/

pixel