RU

Қазақстан тарихында тұңғыш рет олимпиадада туды әйел адам ұстап шығады

Жеңіл атлетика
Фото: olympic.kz

Қазақстандық атақты спортшы, Лондон Олимпиадасының чемпионы, жазғы Олимпиаданың жүлделер жиынтығының толық иегері Ольга Рыпакова және бокстан ұлттық құраманың капитаны, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев Токиода Қазақстан Олимпиада құрамасының ту ұстаушылары ретінде таңдалды деп хабарлайды olympic.kz.

Ұлттық Олимпиадалық комитеті ұсынған ақпаратқа сәйкес, ту ұстаушыларды атлеттер комиссиясы ұсынған.

"Тарихи Токио Олимпиадасының басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Сағына күткен Олимпиада ойындары өтеді және де оған Қазақстан мақтанышпен өзінің ең үздік спортшыларын аттандырады. Ең лайықтылары іріктелінді.
  • Мен Ольга Рыпакованың Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан туын алып шығатынына қуаныштымын. Себебі, Ольганың арқасында көк байрағымыз Олимпиада көгінде бір емес, бірнеше рет желбіреді.
  • Қамшыбек Қоңқабаев – қазақстандық спорттың күші мен шеберлігінің үлгісі, Олимпиада шаршы алаңында зор жауапкершілікке ие болған бокс құрамасының капитаны. Екі спортшы да қатарластарының алды, құраманың көшбасшылары және жас буынға үлгі. Қос атлетке және барлық олимпиадалық құрамға сәттілік тілеймін", - деді Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті басшысы Тимур Құлыбаев.

Токио Олимпиадасы Ольга Рыпакованың спорт мансабындағы төртінші Олимпиадасы болмақ. Ол үш қарғып секіру бойынша 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында күміс, 2012 жылы Лондонда алтын және 2016 жылы Риода қола медаль жеңіп алды.

Бұдан бөлек, Ольганың еншісінде Универсиада алтыны және Азия ойындарының алты алтын медалі бар.

Сондай-ақ, әлем чемпионы 2010 жылғы құрлықтық кубок иегері.

"Олимпиада ойындарындағы Қазақстанға тиесілі он алты алтынның үшеуін әйелдер жеңіп алды. Жылдан-жылға спорттағы әйелдер саны артып, олар жаңа рекордтар орнатады деп сенемін. Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында еліміздің туы сеніп тапсырылғаны керемет сезімге бөлейді. Дәл осы миссияның маған ұсынылғанына және сеніп тапсырылғанына қуаныштымын", - дейді Ольга Рыпакова. 

Қамшыбек Қоңқабаев - бокстан Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының капитаны. Ол 2014 жылғы әскерилер арасында әлем чемпионы, Азия чемпионатының екі дүркін және 2017 мен 2019 жылғы әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері. Токио Олимпиадасы 29 жасар қызылордалық спортшы үшін алғашқы Олимпиада ойындары болмақ.

"Токиодағы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында туды ұстап шығуды маған сеніп тапсырғаны үшін Қазақстан мен еліміздің спорт қоғамына алғыс білдіргім келеді. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік және үлкен мәртебе. Біздің құрамадағы көптеген спортшылардікі сияқты Токио Олимпиадасы менің спорт мансабымдағы алғашқы Олимпиада ойындары болмақ. Біз бұл Олимпиаданы өте ұзақ күттік және оның өтетініне өте қуаныштымыз. Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалуға мүмкіндік жасағаны үшін біз президентімізге, мемлекетемізге және де Ұлттық Олимпиадалық комитетіне зор алғысымызды білдіреміз. Ендігі кезек бізде!", - деп пікір білдірді Олимпиадалық құрамның Туын ұстаушы Қамшыбек Қоңқабаев.

Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 23 шілдеде Токио Олимпиада стадионында өтеді.

Олимпиадалық команда Токиоға жіберілгенге дейін жаттығу базаларында кем дегенде екі апта карантинде болады.

Команда Жапонияға 16 шілдеде аттанады.

Қауіпсіздік пен денсаулықты қорғауды қамтамасыз ету үшін делегацияның рейстері "Air Astana" әуекомпаниясының чартерлік рейстерімен жүзеге асырылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1920578-qazaqstan-tarixynda-tungys-ret-olimpiadada-tudy-aiel-adam-ustap-sygady/