Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақстан Барысына" үміткерлердің жартысына жуығы додада алғаш рет бақ сынайды

Опубликовано:

Қазақстан Барысы
Фото: "Qazaq kuresi" қауымдастығы

Осы жексенбіде Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында отандық спорттың ең елеулі де маңызды әрі тартысты додасы - "Қазақстан Барысы" турнирі өтеді. Қазіргі таңда бәйгеде бақ сынайтын 37 балуанның барлығы толықтай елордаға жиналды. Енді олар бүгін өтетін салмақ өлшеу рәсіміне қатысады.

"Қазақстан Барысы" турнирі биыл оныншы рет ұйымдастырылып отыр. Шара еліміздегі айтулы даталармен: Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен жауырыны жер иіскемеген қазақтың ұлы балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдық мерейтоймен тұспа-тұс келді. Осыған сәйкес турнирдің салмағы да, маңызы да арта түсті.

Дегенмен көпшілік көптен күткен аламан тартыс биыл көрерменсіз өтетін болды. "Qazaq kuresi" қауымдастығының спортты дамыту жөніндегі директоры Бақдаулет Сәбитовтің айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласы әлі де "қызыл аймақта" болуына байланысты, көрермендер мен жанкүйерлер жарысты онлайн форматта, Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан тікелей эфирден тамашалай алады.

Қазақстан Барысы
Фото: "Qazaq kuresi" қауымдастығы

Айта кетейік, биыл боз кілемде белдесуге өңірлерден озық шыққан 37 балуан іріктеліп алынған. Олардың ішінде 11 үміткер алғаш рет республикалық деңгейде сынға түспек.

Ең бастысы "Қазақстан Барысы" бозкілемге оралады - 2019 жылғы бас бәйгені қанжығасына байлаған Айбек Нұғымаров жеңімпаз атағы үшін тағы бақ сынамақ. 2015 жылдың күміс жүлдегері Руслан Әбдіразақовта боз кілемде өнер көрсетеді. Биылғы байқаудың ең жас үміткерлері Алматы қаласынан қатысып отырған 22 жастағы Жұмабай Жансерік пен Міркенов Жасұлан.

Бәсекелі белдесуде жүзден жүйрік шапқан жеңімпаз 25 000 000 теңге және алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы "тайтұяққа" ие болады. Екінші орынға 5 500 000 теңге, үшінші орынға 1 800 000 теңге, сәйкесінше күміс және қола белбеулер табысталады.

Қазақстан Барысы
Фото: "Qazaq kuresi" қауымдастығы

Осыдан он жыл бұрын, яғни 2011 жылы елордада "Қазақстан Барысының" тұңғыш турнирі өткен еді. Одан кейін жыл сайын байқау ұйымдастырушылары жауырыны қақпақтай батырлардың арасынан ең үздігін анықтап, жарияға жар салып жеткізіп отырды. Жыл өткен сайын қазақша күрестің даңқы артып, ауқымы кеңейе түсті. 2016 жылы ұлтымыздың тарихи мұрасы ретінде халықаралық деңгейде мойындалып, ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени құндылықтарының тізіміне енді.

Осы жемісті жылдар ішінде "Қазақстан Барысы" турнирінің ауқымы артып қана қоймай, қатысушылары да көбейді. Жобаға ауыл, аудан, облыс деңгейінде 100 мыңнан астам балуан қатысып, олардың арасынан жыл сайын өскелең ұрпаққа үлгі болатындай жаңа есімдер жарқырай көрінді.

Қазақстан Барысы
Фото: Qazaq kuresi қауымдастығы

Жобаның үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев өз өңірінде спорт саласын дамытып жатса, тұңғыш жеңімпаз - Ұлан Рысқұл қазақ күресінің халықаралық деңгейде насихатталуына қызмет етті.

Турнирдің екі дүркін жеңімпазы Айбек Нұғымаров - қазіргі таңда білім саласында жауапты қызметте. Десе де боз кілеммен қоштасқан жоқ. Турнирде өзінен елу келіге дейін ауыр қарсыластарын жамбастап, жеңіл салмақты балуандарға жол ашқан Мұхит Тұрсынов ұлттық құраманың мүшесі, тәжірибелі балуан.

Лондон олимпиадасының қатысушысы Ержан Шынкеев те барыс белдігін иеленген болатын, қазіргі таңда жеке кәсіпкер. "Әскер Барысынан" шығып "Қазақстан Барысы" атанған Еламан Ерғалиев дзюдо және қазақ күресінің белді балуаны.

Айта кету керек, "Қазақстан Барысы" тек қатысушылар саны мен сапасын арттырып қана қойған жоқ, сонымен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен осы спорт түріне қызыққан мыңдаған жастарды өсірді, жакүйерлер тобын қалыптастырды. Деректерге сүйенсек, әр жылы турнирді 9 мыңнан астам жанкүйер, 8 миллионнан астам көрермен тамашалаған.

Ал биылғы дода онлайн форматта жүрсе де, мыңдаған көрерменнің көзайымына айналуына мол мүмкіндігі бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/1920609-qazaqstan-barysyna-umitkerlerdin-zartysyna-zuygy-dodada-algas-ret-baq-synaidy/

pixel