Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Токио Олимпиадасына қатысатын 12 жастағы британиялық спортшы туралы не білеміз

Опубликовано:

Скай Браун
Скай Браун. Фото: instagram.com/skybrown

Токиода өтетін Олимпиада ойындарына Ұлыбритания атынан 12 жастағы Скай Браун қатысады. Бұл құрама тарихындағы ең жас спортшы деп хабарлайды Sport24.ru.

Биыл Олимпиада ойындарының қатарына алғаш рет скейтбординг қосылып отыр. Бұл спорт түрінде жарысқа тек 15 жастан асқандар қатысады деген ереже жоқ.

Осының арқасында бұған дейін әлем чемпионатының қола жүлдесін еншілеген 12 жастағы Скай Браун өзін танытуға тағы бір мүмкіндік алды. Британиялық жасөспірім Олимпиадаға іріктеліп алынған және ол құрама тарихындағы ең жас қатысушы болмақ.

Скай Браун британиялық азамат пен жапониялық азаматшаның отбасында өмірге келген. Олар ұзақ уақыт бойы Жапонияда тұрған. Кейінірек, спорттың экстремалды түрімен айналысуға мүмкіндік көп АҚШ-қа көшкен.

Скайдың ата-анасы бастапқыда қыздарының Жапония атынан сайысқа түскенін қалаған. Алайда ақыр соңында таңдау Ұлыбритания құрамасына түскен. Айтуынша, мұнда Скайға толық еркіндік берілген.

Жасөспірім скейтбордпен айналысуды үш жасынан бастаған. Ол әртүрлі трюктарды ғаламтордан үйреніп, желі жұлдызына айналған. Скай тіпті ересек адамдардың өзі жасай алматын трюктарды жасап, көпшілікті тәнті еткен. Осы уақытқа дейін ол бірнеше жүлдеге ие болған.

Жасөспірімнің ата-анасы қызының хоббиі көпшілікке ұнайтынын түсініп, оған Instagram-да парақша ашып берген. Бүгінде Скайдың 811 мың оқырманы бар.

Қазіргі уақытта ол әртүрлі түсірілмдерге, телебағдарламаларға қатысып, сұхбат береді. Nike, Samsung және басқа да алпауыт компаниялармен жұмыс істейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1920764-tokio-olipiadasyna-qatysatyn-12-zastagy-britaniyalyq-sportsy-turaly-ne-bilemiz-foto/

pixel